Иракта өткен айда құрбан болғандар саны күрт көбейді

Қауіпсіздік күштері мен құтқарушылар террорлық шабуыл жасалған жерде. Дивания, Ирак, 21 маусым 2011 ж.

Биылғы маусым айында Иракта түрлі зорлық-зомбылық оқиғаларынан құрбан болғандар саны күрт көбейгені байқалып отыр.

Ирак үкіметінің деректері бойынша, өткен айда болған жарылыстар мен шабуылдар салдарынан 271 адам көз жұмған, олардың 155-і бейбіт тұрғындар. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері ең үлкен көрсеткіш.

Сонымен бірге маусым айында 25 бүлікшінің көзі жойылып, жүзден астамы тұтқындалғаны хабарланды.

Өткен айда Иракта АҚШ-тың 14 әскери қызметкері мерт болған. Осылайша бұл америкалық әскерилер үшін соңғы үш жыл ішінде ең көп адам қазасы тіркелген ай болып отыр.