Қаймана қазағым, қайда барасың?!

Жанай Сарина, қазақ журналисі, блогшы.

Бүгінгі күні «Азаматтық неке» деген ұғымды естіп, тіпті көрудің өзі бізге таңқалатын жай емес. Мұны, әрине, мен жас болғанымен бір түрлі қабылдай алмаспын. Себебі бұл киелі қазақ халқының сүйегіне таңба болып түсетіндей. Азаматтық деген – сыпайы түрдегі ойнас дер едім. Өйткені бір-бірін сүйетін жастар неге заңды некеге отырып, мұсылманша некелерін қимасқа?

Бұл әйтеуір еріккеннің ермегі болып барады. Бұл мәселені көтеруіме де бір танысымның апасы бейтаныс еркекпен «азаматтық некеде тұрады» деген сөзді ести салып, еріксіз жаздыруға итермеледі. Сосын Батыстың керек емес, әбден ұяттан безген салты бізге де келіп, сүттей ұйып отырған отбасыға келген сұрқия әйелдей салты мен дәстүрі, әдеті мен ғұрпынан аттамайтын қазақ халқының арасына келіп, бар ар-ожданнан айырмақ. Әттеген-ай… ақыл айтып, кеңес беретін данагөй апаларымыз бен аталарымыздан да жылдан-жылға жұрдай болып барамыз.

Бұрынғы қариялардың тіліндегі кәлимасы – бүгінде боғауыз сөзге, баратын мешіті – қыз-қырқынға толы саунаға, айтар ақылы – «мен ана жерге барып, жылқының етін жедім…», «дөкей ағамыздың кенжесінің тойында болдым…» дегеннен аспайды. Жазғаныммен барлық қария атаулыға топырақ шашқаным емес, олардың араларында да арагідік ақыл айтатын шал емес, данагөй қарияларымыз бар. Бірақ мен бірін айтып, біріне кетіп қалдым-ау. Сол азаматтық неке біздің қазекеңе бағы ма, әлде соры ма? Кейбір бейресми деректерге сүйенсек, осы некенің қатары жылдан-жылға артып, ниет білдірушіліредің саны өскен. Яғни ол болашақта бүгінде 46 мыңнан асып жығылатын жетім балалар тағы бір мың баламен толығады. Себебі азаматтық неке ерлі-зайыптысымақтардың алдына ешқандай жауапкершілік те, міндет те артпайды.

Сонысымен де көпшіліктің де сұранысына ие. «Біз бір-бірімізді білуіміз керек. Сосын заңды некеге тұра жатармыз» деген әбден жауырын болып, құлақтың құрыш етін жеген жауаптарды айтып, жастар ақталып жатады. Батыстан келген бұл неке түріне, әрине, қарсылығым жоқ. Дегенмен қазақтың менталитетіне болашақта нұқсан келеді-ау деген қауіп бар. Бәз біреулер мынаны оқып, «неменеге ақылсып, өзің жас болсаң да көлгөрсіп отырсың» дейтін шығар. Бірақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген аталы сөз бар ғой. Сол мақсатта жазылған еді.

Біздің мақсатымыз да айта, жаза отырып, сондай бассыздықтың алдын алып, жетімдердің қатарын көбейтпеу. Себебі 15 млн. халқы бар Қазақстанның 3-4 пайызын сол жетімдер құрайды. Жесірі мен жетімін жылатпаған қазақ болғандықтан, қолымыздан келетін тірлік жасап, саналы қоғамның қалыптасуына өз үлесімізді қоспақ ниеттеміз. Құрметті оқырман, ал сіз ойлайсыз? Азаматтық неке бізге біздің қоғамға қажет пе?