Қамаудағы Жовтиске екінші рет демалыс берілді

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

Өскемендегі қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқан адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтис тағы да демалысқа шықты.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның мәліметінше, Жовтиске 14 күн демалыс берілген. Соңғы екі ай ішінде Жовтис осымен екінші рет демалысқа шығып отыр.

Колонияның шартты түрде мерзімінен бұрын азат ету бойынша комиссиясы Жовтистің мәселесін шілденің 19-ында қарауы тиіс. Адам құқықтарын қорғаушы халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Жовтисті босатуға шақырды.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис «жол жүру ережесін бұзып, кісі өліміне себепкер болды» деген айыппен 2009 жылдың 3 қыркүйегінде 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Осы жылдың басында Өскемен түрмесінің әкімшілігі өкілдерінен құралған арнайы комиссия Жовтисті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарап, оны босатпау туралы шешім шығарған еді.