Отунбаева тәуелсіздік күніне орай рақымшылық қаулысына қол қойды

Қырғызстан президенті Роза Отунбаева.

Қырғызстан президенті Роза Отунбаева ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылық жариялау қаулысына қол қойды.

Бұл қаулы бойынша жеңіл қылмыспен сотталғандар түрме жазасынан босатылады. Атап айтқанда, түзеу мекемесіндегі жастар, 55 жастан асқан әйелдер мен жасы 60-тан ұлғайған ер азаматтар, жүкті әйелдер рахымшылыққа ілінеді.

Сонымен қоса мемлекетке қаржылай өтемақы төлеген тұтқындар да ертерек босатылады. Қырғызстан түрмесінде барлығы 14 мың 435 сотталған болса, соның 3 мың 470-і рақымшылық қаулысымен мерзімінен бұрын босатылады.

Қырғызстан Совет одағынан 1991 жылы тамыздың 31-інде бөлініп шығып, Орталық Азиядағы бірінші тәуелсіз ел атанған.