Ресей мен Орталық Азия «араб көктемінің» алдын алғысы келеді

Көрнекі сурет. Ислам Каримов, Өзбекстан президенті (сол жақта) және Дмитрий Медведев, Ресей президенті. Мәскеу, 20 сәуір 2010 жыл

Central Asia Newswire жақындағы Ташкент сапары кезінде Ресей президенті Дмитрий Медведев Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен «араб төңкерісінен» төніп тұрған қауіп-қатерге қарсы бірігіп шаралар қолдану қажеттілігін талқылағанын хабарлайды.

Кейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 10-саммитінде оның мүшелері қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін айтты. «Олардың бұл төңкеріс себепті уайымдайтыны сөзсіз» дейді Central Asia Newswire («Сентрал Эйша Ньюсуайэр») шілденің 19-ы жариялаған мақаласында. Биылғы қаңтардан бері араб әлемін шарпыған наразылық акцияларына қатысты пост-советтік елдер өзінше тұжырым жасады. Бірнеше ай бойы Кремль көтерілістің Ресейге таралуынан қорықты.

ТІЗЕГЕ САЛУДАН ТҮК ШЫҚПАЙДЫ

Тіпті, наразылықтың Орталық Азияда таралуынан қауіптенген Ресей бұл мәселені сәуір айында Думада жария талқылауға салды. Депутаттар мен сыртқы істер вице-министрі Григорий Карасин Орталық Азиядағы режимдер Солтүстік Африкадағы сияқты қирамау үшін тиісті реформалар жасауға шақырды. «Осылайша Карасин аталған аймақта азаматтық қоғам құрып, халықаралық және дінаралық татулыққа, халықтың тұрмысын және жастарға білім мен тәрбие беруді жақсартуға шақырды» дейді Central Asia Newswire.

Карасиннің Орталық Азия елдеріне қарата айтқан ұсыныстары Ресейдің тек қана үстірт реформаларды қолдайтынын көрсетті. Ал Орталық Азия басшыларының ешқайсысы Ресей ұсынысын елеген жоқ деген пікір айтады басылым.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің кеңесін тыңдау былай тұрсын, керісінше, билігін шексіз ұзарту бойынша референдумнан дәмеленіп, кезектен тыс сайлау өткізуге дейін барды. «Қазіргі жағдайда бұндай референдум өткізу тым сорақы қадам болар еді» дейді Central Asia Newswire.

Сайлаудан кейін президент Назарбаев парламент пен жергілікті үкіметті нығайтуға бағытталған жоспарлары жайлы мәлімдеді. Бұл қадам таңдаулылар санын көбейтіп, оған жақын топтарды әлсіретіп, келешекте ешкім үлкен билікке ие болмауын қамтамасыз етеді. «Назарбаевтің жаңа үкіметке берген тапсырмасы – жемқорлықпен күрес – жоғары жақтағы жемқорлықты есепке алсақ, қиынға түспек» деп мәлімдейді басылым.

Central Asia Newswire-ның жазуынша қуыршақ оппозициялық партия құруды көздеген қазақ билігінің ендігі әрекеті «Потемкин демократиясын» тудырғалы тұр. Бұл жоспар режимге қарсыларды ызаға булықтыра түседі. Басылым Назарбаев реформаларды жүйенің қоғамға қызмет етуі үшін емес, мұрагеріне біртіндеп билікті тапсыру үшін жасап отыр деп санайды. Қазір басталған «парламенттік-президенттік жүйе құру» науқаны заңның ұлықтығы, үкіметтің есеп беруі мен шынайы реформалар жоқта бос қиял боп қалмақ және соңы жоқ саяси жанжалдарға соқтыруы мүмкін.

ПОСТ-АВТОКРАТИЯЛЫҚ РЕЖИМНІҢ СИПАТТАРЫ

Назарбаев биліктен кеткеннен кейін де ел ішінде біраз уақыт нағыз демократияның орнығуы екіталай. Қазақстандағы осы және тағы да басқа үрдістер мұрагерліктің шешілмегендігін және елдің экономикалық саясаты әлі де бір ғана адамның «кемеңгерлігіне» сенім артқандығын айқындайды. «Көптеген жетістіктерге қарамастан, бұл болашақта жақсылық әкелмейді» дейді басылым.

Central Asia Newswire Өзбекстанды мысал ретінде келтіріп, оның ұялы телефон компанияларын бақылауға алып, оларға клиенттерінің кез-келген күдікті істері мен СМС хабарламалар туралы хабардар етуге үкім еткендігін айтады.

Әзірбайжан болса Facebook пен Skype-ті бақылауға алыпты. Ал ресейлік ФСБ мен ІІМ қылмыс кодексіне мынадай өзгерістер енгізуді ұсыныпты: әлеуметтік желілердің иелерін олардың сайттарында жарияланған кез-келген нәрсеге жауапты ету және оларды мемлекеттік тіркеуден өткізу.
Төңкерістер толастамай жатқан соң Орталық Азия елдері Каримов секілді оларға деген көзқарасын Ресейдің көзқарасымен сәйкестендіргісі келеді. Жақында өткен G-8 саммитінде бір орыс атқамінері: «Біз режимдерді емес, тұрақтылықты қолдаймыз» деп мәлімдеген.

АВТОКРАТ ҮШІН ДЕМОКРАТИЯДАН ЖАМАН ЖЕҢІЛІС ЖОҚ

Орталық Азияның әрі қарай либерализация мен жергілікті басқару жүйесі жолымен жүруі екіталай. Central Asia Newswire-ның мәлімдеуінше, кей талдаушылар революцияның бұл аймақта да етек жаюы ықтимал дейді. Мұндай жағдайда Орталық Азия режимдері, тіпті әскери көмек үшін, Мәскеу мен Бейжіңге сенім артуы мұмкін. Алайда бұл шара режимдердің қирауына себеп болатын факторлардың алдын ала алмайды. «Қазақстан мен Ресейге қарағанда, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан реформаларды іске асыру үшін ешқандай күш салып жатқан жоқ» дейді Central Asia Newswire.

«Бұл режимдер өздеріне тән осалдықты біледі, сол себепті төңкеріс түгіл, демократияның, тіпті, реформалардың етек жаюы оларға қауіп төндіреді» деп санайды басылым. Олар өз елдерінде бейбіт түрде демократия орнаса да, я әскерлері талқандалса да бәрі бір жеңіліс деп санайды. Себебі екі жағдайда да шексіз биліктен айырылады.

Осылайша АҚШ-тың демократияландыру мен адам құқықтарын қоғауға шақыруына қатысты бұл елдерден қатты қарсылық күтсе болады. «Қытай мен Ресейге адам құқықтарын қорғауға қатысты қысым көрсетпесек, Түркіменстан секілді елдерден адам құқықтарын бұзбауды талап етуден түк те шықпайды» деп санайды Central Asia Newswire.

«Алайда реформаны талап етушілерді жаншитын болса, бұл режимдер ағын суды басқара алмай қалып, тасқынның астында мүмкін . Ал ондай болатын болса, Мәскеу мен Бейжің біріксе де, бұзылған құрылымдарды қалпына келтіре алмай қалады» деп аяқтайды мақаласын басылым.