Central Asia Newswire тамыздың 16-сы күнгі санында Астананың бүгінгі және болашақтағы дамуы, саяси ахуалы жайында жазыпты. Басылым Ақордадағы билікті жаңарту мәселесі жаңа қала мен Қазақстанның дамуына бірдей әсер етеді деген ой айтады.
Қазір президенттің өзі бақылап отырған 274 шаршы шақырымды құрайтын аумақтағы қаланың бас жоспарының тек отыз пайыздайы ғана тәмамдалған. 2015 жылға қарай елу пайызы, ал 2030 жылға қарай жүз пайыз аяқталуы тиіс.
Басылымға шыққан мақала авторы Дена Шолк Джорджтаун университетінде Қазақстанды зерттеумен айналысатын маман. Ол Назарбаевтың Астанаға миллиондаған доллар қаржы құйғанын және шетелден де соншалық инвестиция тартқанын жазады. Мысалы, Бейбітшілік және келісім сарайына 50 миллион, Астана стадионына қосымша 30 милион және Хан-Шатыр орталығына 300 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Кеңселер мен тұрғын үйлерді салуға миллиондаған адам жұмысқа тартылып, мамыр айында өткен «Астана инвест 2011» инвестициялық форумында қосымша 2,5 миллиард АҚШ долларына тең шетелдік инвестиция салуға келісімдер жасалған.
ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КІМГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
71 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өсуі мен Астананың құрылысындағы бәсекелес саяси және экономикалық мүдделерді ұтымды теңгере алды. Автор бұдан ары «Алайда Назарбаевтың билігі күндердің бір күні аяқталатындықтан ол өзіне лайықты мұрагерді анықтауы керек. Ресейдің мұнай және газ мүдделері, араб, қытай, түрік және кәрістердің құрылыс фирмалары, шетелдік бірқатар компаниялардың барлығы Қазақстаның келесі президенті кім болатынын бақылап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бұлардың барлығы бірдей жаңа астананың дамуына жұмыс істейді деп сендіргенімен, олар басқа біреудің айналасына топтасып жүрмей ме? Астананы және жалпы Қазақстанның дамуын бақылауында ұстап отыра алатын лайықты мұрагер бар ма?» деген сауалдарға жауап іздеуге тырысып көреді.
Бұл тұрғыда Қазақстанның жас мемлекет болуы, ел байлығының элиталардың қолында шоғырлануы, бизнесті жүргізудің көлеңкелі тұстарының көп болуы, биліктегі жемқорлықтың жүгенсіз кетуі атқару билігін өткізіп беру үрдісін манипуляциялауды оңайлатып жібереді деген болжам жасайды зерттеуші.
ҚАЗІРГІ САЯСИ ЭЛИТА БИЛІКТІҢ ӨЗГЕРГЕНІН ҚАЛАМАЙДЫ
Мұрагерлікке қатысты күрделі мәселе Қазақстан президентінің міндеттері мен артықшылықтары жайлы концепциядан басталатынын жеткізген басылым биліктің атқарушы тармағын тарқатып айтып кетеді. «АҚШ сияқты демократиялық федералдық жүйеде биліктің атқарушы тармағы нақты айқындалған ережелері мен шектеулері бар институт болып табылады. Президент билігі адамдардың демократиялық және заңды процестер арқылы білдірген ерік-жігерінен туындайды» деп жазады Дена Шолк.
Алайда Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев басқарушы органдарды дамытудың орнына атқарушы билікті өз қолына шоғырландырып алды. Қазақстан атқарушы билікті өткізіп беру тәжірибесін бастан өткермегендіктен, билікті табыстаудың қалай жүретіндігі мүлдем түсініксіз болып отыр. Қазақстандағы президенттік орынтақ билік пен орасан зор байлықтың тұтқасы болып табылатындықтан, оны елдегі бәсекелес элиталар жоғары бағалайды. Мысалы, «Форбс» журналының мәліметі бойынша, президенттің күйеубаласы және бейресми мұрагері Тимур Құлыбаевтың байлығы 1.3 миллиард АҚШ долларын құрайтынын ескерсек, Назарбаевтың өз байлығы кем дегенде 1 миллиард доллардан асып түсуі керек.
Астананың дамуы Қазақстандағы билеуші саяси топтардың авторитарлық биліктің келесі жиырма жылынан кейінгі тұрақтылықты қамтамасыз ете алатындығын көрсетіп тұр. Автордың жазуынша, олар инвестиция мен құрылыстың тоқтап қалмауы үшін макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға бірдей мүдделі. Шетелдік жекеменшік фирмалар мен қазақстандық бизнес өкілдері қазіргі жағдайдың өзгермегенін қалайды.
Қазақстандағы бизнес өкілдері мен басқарушы элитаның көпшілігі құрылыс келісімдерінен түсетін пайдаға құмартып, Астананы Қазақстанның жекеменшік секторы мен өзге трансұлттық корпорациялар арасындағы дәнекер ретінде пайдаланғысы келеді. Алайда, кейбір жоғары билік өкілдері қазақ президентінің мәртебесі һәм билігімен, жеке басының дәулетімен бәсекеге түсемін деп қуғындалып кетуі мүмкін екенін де айтады Central Asia Newswire.
КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР
Central Asia Newswire авторы «егер президенттіктен түсетін материалдық табыс елдегі саяси топтар арасында белсенді күрес тудыратын тұрақтылықты қолдаудағы ортақ мүддеден жоғары болса, онда саяси тұрақтылық шайқала бастайды. Астанадағы тұрақсыздық Қазақстанға таралып, оның арты шетелдік инвесторлардың елден кетуіне және Астананың дамуын тежеп, болашақ мыңдаған жұмыс орындарының жойылуына әкеп соғады деп болжам жасапты.
Керісінше, егер қазіргі тұрақтылықты сақтауға ұмтылу саяси элита мүшелерін лайықты мұрагерді анықтауға итермелесе, онда Астананың дамуы кем дегенде шамалы уақытқа созылады. Мұндай жағдайда Қазақстанның келесі президенті Астана қаласын салу жоспарының аяқталуын қадағалауы керек. Ол саяси топ жетекшілерінің де көңіліне қарап, шетелдік инвесторларға да жеткілікті сенім артуы керек.
Автордың ойынша мұрагерді таңдау демократиялық түрде болуы міндетті емес, мұрагерді тек елдегі тұрақтылықты сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуға қабілетті басшыны қоя алатындай етіп таңдаса жеткілікті. Себебі Астананы бүкіл ел бойынша «жұмыспен қамтамасыз ететін Мекке» ретінде мақтайды және оның дамуы қазақ қоғамына үлкен әсер етпек. Егер Астанаға жұмыс іздеп ағылған жүздеген қазақ отбасыларына мұрагер жұмыс тауып бере алмаса, онда көшеге шыққан жұмыссыз және наразы адамдардың «ісі» жаңа президентпен болмақ деп аяқтайды зерттеуші мақаласын.