Балқаш колониясынан қашпақ болғандардың үзеңгілестері ұсталды

Қазақстан полициясы Балқаш түрмесінен қашайын деген тұтқындарға тыйым салынған заттар берді деген күдікпен бір топ адамды қамауға алды.

Бұл туралы бүгін Астанада Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрділда Ораз хабарлады. Оның айтуынша, ұсталған 24 пен 29 жас аралығындағы күдіктілер осыған дейін ауыр қылмыстары үшін іздеуде болған. Олардан Наган, Макаров тапаншалары мен жүздеген оқтар табылған.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 11-не қараған түні Балқаш түрмесінде колония күзетшісін өлтіріп, қашпақшы болған 16 адам түрме аймағындағы өндіріс цехына тығылып, арнайы күштер келгенде өздерін жарып жіберді деп хабарланған.

Кейін жарылыс болған жерден 12 адамның мәйіті табылып, 4 тұтқынның қашып кеткені айтылған. Оқиғаны тергеу барысында, колониядағы сотталғандарға жасырын түрде қару-жарақ жеткізілгені мәлім болды.