Ливияның жаңа үкіметі 10 күн ішінде құрылуы мүмкін

Ливия Ұлттық өтпелі кеңесінің басшысы Махмуд Жибрил

Ливия Ұлттық өтпелі кеңесінің басшысы Махмуд Жибрил алдағы он күннің ішінде елдің жаңа үкіметі құрылады деп үміттенеді. Ол бұл пікірін жаппай халық наразылығы үлкен саяси өзгерістерге әкелген елдер өкілдерінің Нью-Йоркте өткен кездесуінде айтты.

Оның сөзінше, жаңа үкімет тек Триполиде ғана орналаса ма, жоқ әлде кейбір орталық мекемелер елдің шығысында отыра ма - бұл мәселеге байланысты әлі түпкілікті шешім қабылданбаған.

Әуелгіде жұрт жаңа үкіметтің құрамы өткен жексенбіде жарияланады деп күткен еді. Ливияның бірқатар қалаларында елдің биліктен тайдырылған бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафиді қолдайтын әскерлер Ұлттық өтпелі кеңес күштеріне қарулы қарсылық көрсетіп жатыр.