Тувалу елі Абхазиямен дипломатиялық байланыс орнатты

Тувалу мемлекеті орналасқан арал.

Грузияның жікшіл аймағы, өзін өзі тәуелсіз мемлекет деп жариялаған Абхазиямен әлемнің тағы бір елі – Тувалу мемлекеті дипломатиялық байланыс орнатты. Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Полинезия аралдарында орналасқан Тувалудың жер көлемі – 26 шаршы шақырым, тұрғын халқының саны – 12 мың адам, бұл ел БҰҰ-на мүше.

Тувалу мен Абхазия арасында дипломатиялық байланыс орнату туралы келісімге қыркүйектің 18-күні Сухумиде Абхазия премьер-министрі Сергей Шамба мен Тувалу премьер-министрі Вилли Телави қол қойған. Алайда ол туралы ресми хабарды Абхазия сыртқы істер министрлігі тек бүгін таратты.

Бұған дейін Абхазияның тәуелсіздігін Ресей, Никарагуа, Венесуэла және Науру елдері мойындаған еді.