Египетте газ құбырында жарылыс болды

Египеттегі газ құбырында болған жарылыстан кейінгі өрт. 12 шілде 2011 жыл.

Бүгін таңертең Египеттегі әл-Ариша қаласы маңында газ құбырында жарылыс болған.

Жергілікті дәрігерлердің хабарлауынша, жарылыс салдарынан денесін күйік шалған бір адам ауруханаға түскен.

Осы құбыр арқылы Израиль мен Иорданияға газ жеткізілетін. Бұл жарылыс Египет газын Израильге сатуға қарсы адамдардың ісі болуы мүмкін деген болжам да айтылып жатыр. Соңғы айларда Египет пен Израиль арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлап кетті.

Бұл - Египетте бірнеше аптаға жалғасқан жаппай халық наразылығы нәтижесінде биылғы ақпан айында Хосни Мүбәрак биліктен кеткеннен бері көрші елдерге газ тасымалданатын құбырдағы төртінші жарылыс.