Сирияға қатысты жаңа қарар жобасы жұмсарды

Сирия билігіне қарсы Хомс провинциясында өткен наразылық жиыны. 23 қыркүйек 2011 жыл.

Ұлыбритания, Франция, Германия мен Португалияның Сирияға қатысты ұсынған қарар жобасының мазмұны бұрынғыға қарағанда аздап жұмсарды.

Осыған дейін Сирия президенті Башар әл-Асадтың өзімен қоса отбасы мүшелеріне, төңірегіндегі адамдарға қатысты дереу қатаң санкция енгізуді қолдап келген Батыс мемлекеттерінің жаңадан ұсынып отырған қарарында ондай шараны тек Сирия билігі бейбіт халыққа қарсы әскери операцияларды тоқтатпаған жағдайда ғана қолдану туралы айтылған.

Сонымен бірге құжат авторлары Сирияда адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылып отырғанын айыптап, билікті елдегі зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырған.

Бұған дейін тамыз айында ұсынылған қарар жобасына БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде вето қою құқығына ие Ресей мен Қытай мемлекеттері, сондай-ақ Үндістан, Оңтүстік Африка мен Бразилия қарсы болған еді.

БҰҰ деректері бойынша, Сирияда қазіргі билікке қарсы жаппай халық наразылығы басталған уақыттан бері үкімет күштерімен қақтығыстарда 2700-ден астам адам мерт болған.