Көне қожайын мен Жаңа қожайын

Көрнекі сурет.

Қазақ елінде болып жатқан соңғы кездегі уақиғалар ойымды он саққа жүгіртеді.

Мәдениет министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жалпақ елге жария болмай жатып, «Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті» деген бір сөйлемге жабысып алған орыстар мен орыс тілді жұрт қолдарына от алып, интернет әлемін шулатып кеп жіберді.

Тіпті қызды-қыздымен кейбір кеудесіне нан піскен орыс-славян ұйымдары «қазақтарда ешқашан мемлекеттік болмаған-мыс» деді. Орыс келіп орнығып, қала салып, жол салып бермегенде біз түйемен көшіп жүре береді екеміз. Сондықтан да олар осы жердің иесі, мемлекет құрушы ұлт болып саналады екен. Сондықтан да біздің мемлекеттік тіл туралы заң шығарып, орыс тіліне «қысым» жасауымыз барып тұрған оңбағандық екен.

«Еріккен орыс ойына келгенді істейді» деп атам қазақ айтқандай, қазақтың елінде, жерінде отырып, елге, тілге құрмет етіп, тату-тәтті бірге тұра бергеннің орнына шаңыраққа қарамай ойына келгенін айтып, ақпарат құралдарын шулатып жатқанын ойлағанда есіме көне қожайын мен жаңа қожайын туралы әңгіме түседі…

...Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, елге ел қосылып жатқан кез. Алтайдың арғы бетінен елге келіп, орын теуіп жатқан кезіміз болатын. Жер жәннаты саналатын Жетісудан үй іздеп жүріп, Ресейге – еліне қайтқалы жатқан бір орыстың үйін сатып алатын болып келістік. Үйдің бұрынғы қожайыны ұзақ жыл тұрған мекенін, үйін қия алмай қиналып жүргендей болды. Тіпті ауладағы әр ағаштың қалай егілгенін, кім еккеніне дейін айтып, бір мезет өткен күннің елесіне ерік беріп, көз жасын сығымдап алды. Үйге тақала өскен алып теректі әкесі еккенін, жетпіс жылдан бері үйін үш рет жаңадан салса да, әкесінің қол табы қалған осы алып терекке балта тигізбей сақтап келгенін айтты – бізден де осы терекке тимеуді өтінді.

Алысқа көшетін үй қожайыны алып терекпен қоса Тайсон деп аталатын алып овчаркасын да тапсырып тастап кетті. Тайсон біз көріп өскен қазақы төбеттерге қарғанда өте ақылды болып шықты. Иесі қандай бұйрық берсе, соны орындайды. «Жат» десе жатып, «үр» десе үретін бұл Тайсонды иесі қимай-қимай, жат қазаққа амалсыз тапсырып кетті.

Міне, жетпіс жыл жүнді қол дәу сары үстемдік етіп келген бұл аумаққа жаңа қожайын – орыстай алып болмаса да, жинақы қара шал – менің әкем үстемдік жүргізе бастады.

Алдымен орыстың қорыс болып жатқан құмыралары мен баклашкаларының көзін құртып, темір-терсектерін жоғалтты; үйдің іші-сыртына шыт жаңа ремонт жасап, әктеп, арша тұтатып иіс-қоңысын кетірді. Жаңа қожайын өз ыңғайына келмеген барлық жерді өзгертіп өз қалауынша жасаудан тайынбады. Қызды-қыздымен іші кеуектеніп, боран соқса құлап, үйді басып қалғалы тұрған алып теректі де турап-турап құртып тынды.

Жансыз затты өзіне оңай бағындырғанымен жаңа қожайынға Тайсон оңай бағына қоймады. Тіпті үйден кіріп шыққанда бәрімізге арсылдай үріп, шынжырларын салдырлата, азу тістерін ақсита шабынып зәремізді алды. «Шық! Шық!» деген қазақы сөзді ұғатын Тайсон ба?! Тіпті өз үйімізге ерте-кеш келудің өзі қиынға айналып кетті. Ас құюға барған шешеме жүгіріп, қауып та ала жаздады.

Бірақ орыс итінің тосын мінезі жаңа қожайынды састырмады. Алдына ас беріп, сыйлағанды білмеген алып овчарканың тұмсығына қатқан қазықпен тарс еткізді де, «қаңқ» еткізіп, еркіндікті қадірлемеген долы Тайсонның он құлаш темір шынжырын қысқартып байлады, өзіне ырылдай ұмтылғанда «Жат!» деп ақырып қалды. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей жаңа қожайынның басқаша бұйрығын алғаш рет түсінген «Тайсон» қыңсылап жата кетті.

Сол күннен бастап үйге қашан келсек те арқаны қысқарған ашулы овчарка алыстан арсылдағанмен ешкім оны елемейтін болды. Тіпті бірте-бірте қазақы бейғамдыққа салып, итке ас құюды да ұмыта бастадық.

Күндер өтіп жатты, әбден ашыққан овчарка алғашқы арыны қайтып, енді арсылдап үре бергенді қойып, үйден шыққан адамға құйрығын бұлаңдата бастады.

Өмір бір орында тұрмайды, мен жұмыс бабымен басқа қалаға кеттім. Араға алты ай салып үйге келдім. Бірінші көргенім – мені күтіп жолға қарап тұрған әкемнің қасында бір кездегі ашулы Тайсон шоқиып отыр. Мені көріп үре бастап еді, әкем «Тәйт, бар үйге!» деп зілсіз бұйрық беріп еді, құйрығын бұлаңдатып үйге қарай жүгіре жөнелді…

Мен кеткендегі үйдің көрініс келбеті бәрі өзгерген – аулада бірнеше оюлы сырмақ жаюлы тұр, кесіліп кеткен алып теректің түбірінде құлағын қайшылап көк жал ат кісінейді.

Байқаймын, Алтайдың қара шалы осы аулаға әлдеқашан үстемдігін орнықтырған сияқты.

Көзіме қуаныштан жас іркілді.

«Біздің қазақ өз елінде өзінің қожайын екендігін қашан мойындатар екен!» деген ауыр ой келді басыма...

http://kokjal83.wordpress.com