Юлия Тимошенкоға сот үкімі 11 қарашада оқыла бастамақ

Юлия Тимошенконы қолдаушылар шығарған парақша.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың ісі бойынша сот үкімі қарашаның 11-і күні оқыла бастайды. Бұл туралы бүгін Киевтің Печерский аудандық сотында өтіп жатқан процеске төрағалық етуші судья Родион Киреев хабарлады.

Бүгінгі отырыста айыпкер Юлия Тимошенко өзіне соңғы сөз дайындауға дүйсенбіге дейін мұрсат беру туралы айтқан өтінішін сот қанағаттандырмай тастаған соң соңғы сөз айтудан бас тартты. Кешегі сот мәжілісінде ол өзіне үкімнің алдын ала шығарылып қойғаны туралы мәлімдеген болатын.

Бұған дейін прокурор соттан Юлия Тимошенконы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Тимошенкоға ел үкіметін басқарған тұста Ресеймен газ келісімдерін жасаған кезде қызмет өкілеттігін асырған деген айып тағылған. Алайда өзіне тағылып отырған айыптардың ешқайсысын мойындамайтын Юлия Тимошенко саяси қуғынның құрбаны болып отырғанын айтады.