Азаттық радиосы түркімен қызметінің тілшісіне қарсы сот басталады

Азаттық радиосы түркімен редакциясының тілшісі Дәулетмұрад Язкулиев. 15 шілде 2011 ж.

Бүгін Түркіменстан соты Азаттық радиосы түркімен қызметінің тілшісі Дәулетмұрад Язкулиевтің үстінен қозғалған істі қарауды бастайды.

Қыркүйектің 27-і күні туған жері Ахал облысында ұсталып, Ашғабаттың түбіндегі Яшлык полиция бөлімшесіне жеткізілген журналистке "өз отбасы мүшелерінің бірін өзіне өзі қол салу дәрежесіне дейін жеткізген" деген айып тағылып отыр. Журналистің туыстары билікті отбасылық іске араласып отыр деп кінәлайды, олар өз қолдарында Дәулетмұрад Язкулиевке қарсы қозғалған істің саяси астары барын дәлелдейтін құжат-деректердің жеткілікті екендігін айтады.

43 жастағы Дәулетмұрад Язкулиев 2007 жылдан бері «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы түркімен редакциясының тілшісі болып істейді.