Ертегілер елі

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан-2030" конференциясында сөйлеп тұр. Астана, 12 қазан 2007 жыл.


Ертегілер елі

Ес біліп, етек жапқаннан бастап ертегі естіп өскен қазақтың баласымын. Бірақ сол бесікте басталған ертегі ат жалын тартып мініп, азамат болғанға дейін жалғасатынын мүлде ойламаған едім. Не деген түгемейтін, ұзаққа созылған ертегі бұл?!

Бірақ, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бүгінгі ертегі бұрынғы ертегіден сәл өзгерек. Әжем айтатын ертегі «ерте, ерте, ертеде…» деп басталып, өткен дәуір туралы қияли әлемге жетелесе, бүгінгі күнде тыңдайтын ертегі «ертең, ертең, ертеңдер…» деп басталып, келешек қиял әлеміне жетелейді. Ендеше бүгінгі ертегілерді еске түсіріп көрейік.

«Ертең, ертең – 2030 жылы Қазақстан көршілерден қара үзіп, Азияның барысына айналады».

«Ертең, ертең 2001-2010 жылдық бағдарлама жүзеге асып, қазақ тілі өз тұғырына қонып, бүкіл Қазақстан қазақ тілінде іс жүргізіп, қазақ тілінде сөйлейтін болады».

«Ертең, ертең Қазақстан бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылатын болады».

«Ертең, ертең Қазақстан Кедендік одаққа мүше болып, сырттан келетін сапалы товарға халық қарық болып, қазақтарға үлкен базар ашылып, ұлттық бизнес өркендейді».

Осылай «ертең, ертең, ертеңмен» басталатын ертегілер бірінен соң бірі шыға бергендіктен, соңғы ертегінің соңын тыңдағанша алдыңғы айтылған ертегілерді ұмыта бастайтын болдық. Бірақ біз, қазақ халқы, ежелден ертегі естіп, ертегіге сеніп өскен халықпыз ғой – жалығар емеспіз:тыңдай береміз, тыңдай береміз…

Ұмытылған ертегілер туралы жазып та, еске түсіріп те қажеті жоқ қой. Алайда өткен ертегіні қойып, күні кеше ғана айтылған ертегілер есіңнен оңай көтеріле қоймайды екен. «Өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен» деген бар емес пе – сол сияқты ертегінің өзіне сенбесек те, ебіне сенгіміз келіп, соңғы «свежи» ертегіге құлақ түрдік.

«Ертең, ертең, ертеңдер – 2020 жылы Қазақстан халқының 95% қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ тілі қазақ елін біріктіретін бірден бір ұйыстыратын ұйтқыға айналады…».

Жарайды, естіген құлақта айып жоқ – бұл ертегіге де сенейік.

Бірақ осыдан тура жиырма жыл бұрын «Қазақстанда бірден-бір мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып, «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолдануы мүмкін» деген сөзді алып тастайық» дегенде сол кездегі атқамінерлер мен қазақ тілін білмейтін 40-60 жастағы орыс тілділер «қазақ тілін үйренуге бізге енді кеш, келесі жас ұрпақтар үйренсе болды, біз совет кезінде солай қазақ тілінен мақұрым қалдық – бұған заман ғана айыпты» деп, бар айыпты – советке, бар міндетті – жастарға сілтеп құтылды да кетті.

Арада аттай желіп жиырма жыл өтті, бірақ Қазақстанда иен даладан сәнді шаһар салып, азуымызды айға білеп жатсақ та, өзгермеген бір нәрсе қалды. Ол – сол сорлы болып, босағаңнан сығалап, жетім баланың күйін кешкен қазақ тілі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында тағы да улап-шулап, қазақ тілі туралы ертегілердей бағдарлама қабылдай бастадық.

Бұл кезде баяғы бар айыпты советке, бар міндетті жастарға сілтеген 40-60 жастағылардың арты 60-қа келіп, сол кезде ауыр жүк артылған 20-30-дағылар 40-50-ге келіп, мінбеге шығуға жарап қалыпты. Олардың айтуына қарағанда, «қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бүгіннен бастап барлық салада қолданысқа енгізуге болмайды екен. Себебі бүгінгі 40-50 жастағылар үшін қазақ тілін үйрену енді кеш! Қазақстанда мемлекеттік тілдің бірден-бір үміті – болашақ жастарда! Қазіргі жастар бүгінгі аға буынның үмітін 2020 жылы іске асырады–мыс».

Бұл күндері менің қасымда 20-30-дардағы жастар легі өсіп келеді. Бірақ олардың арасында қазақ тілін білетін де, білгісі келетіндер де көрінбейді. Оларға «2020 жылы Қазақстан бүкілдей қазақ тіліне көшеді, қазақ тілін үйренбейсіңдер ме?» десем, «біз орысша тәрбиеленгенбіз, сондықтан ертегіге сенбейміз» деп жауап берді.

Уақыт аялдап тұрмайды – тағы да аттай желіп тоғыз жыл өтіп, 2020 жыл да келер. Бірақ ол кезде менің қасымдағы ертегіге сенбейтіндерде биік мінбелерге барып қалар. Барып қана қоймайды: «Біз қырықтың қырқасына шығып қалдық. Давай! Қазақ тілінің үміті – келесі жастарда! 2030 жылы Қазақстанды толық қазақ тіліне көшіреміз!» деп, аталары, әкелері айтқан ертегіні ұлдарына сілтей саларына күмәнім жоқ.

Иә, бұл ертегі жалғаса береді, біз (қазақтар) – ертегі естіп, ертегіге сеніп үйренген елміз. Тағы да сол ертегілерге сенеміз.

Ал қазақ тілін білмейтіндер ертегі тыңдағанмен, ертегіге сенбейді – сонда да ертегі айта береді екен.

Ал, аңқау қазақтар, ауыздарыңнан су ағып, ХХІ ғасырдың жаңаша ертегілерін тыңдай беріңдер!

Ертең, ертең ертеңдер…

«Қазақстан–2020… 2030… 2040…»

Әлди, әлди, әлди…

(Жазба Көкжалдың блогынан алынды).