Прокуратура экстремистік мазмұндағы жүздеген сайтты анықтағанын айтты

Бүгін Қазақстан бас прокуратурасы экстремистік мазмұндағы материал жариялаған 400-ден астам вебсайтты анықтағанын хабарлады.

"Осы уақытқа дейін экстремизмге шақыратын және лаңкестік әрекеттерді ақтайтын материалдары бар 400-ден астам сайт анықталды", - деді прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, сот шешімімен Қазақстанда осындай 151 вебсайт заңсыз деп табылып, жабылған. Сонымен қатар сотқа 226 вебсайтқа қатысты арыздар тапсырылған, 100-ден астам сайтқа қатысты арыз әзірленіп жатыр, деді Сүйіндіков.

Қазанның 18-інде діни істер жөніндегі агенттіктің басшысы Қайрат Лама Шариф Қазақстан экстремистік сипаттағы вебсайттарды жабуын жалғастырады деп мәлімдеген болатын.