Аргентина президенті екінші мерзімге сайланды

Аргентина президенті Кристина Фернандес де Киршнер.

Аргентинада қазанның 23-і күні өткен президенттік сайлауда елдің қазіргі президенті Кристина Фернандес де Киршнер басым дауыспен жеңіске жеткені хабарланды.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерінің 15 пайызы саналғаннан соң Киршнерге берілген дауыс 53 пайыздан асқанын хабарлады.

Киршнердің негізгі бәсекелесі – социалист Эрмес Биннерге сайлаушылардың 17 пайызға жуығы дауыс берген.

Дауыс беру күні еxit-poll сауалнамасын жүргізгендердің мәліметі бойынша, сайлаушылардың 55 пайызға жуығы қазіргі президентті қолдап дауыс бергендерін айтқан.

Ресми деректер бойынша, жексенбі күні дауыс беруге 30 миллионға жуық адам, яғни сайлаушылардың 76 пайызы қатысқан.