Коммунистік партияның жұмысын тоқтату туралы шешім өзгеріссіз қалды

Қазақстан Коммунистер партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. 13 қазан 2011 жыл.

Алматы сотының апелляциялық комиссиясы Қазақстан Коммунистік партиясының жұмысын тоқтату жөніндегі ауданаралық арнайы соттың шешімін күшінде қалдырды.

Судья Ербол Жанғазиннің айтуынша, Коммунистік партия жетекшісі Ғазиз Алдамжаровтың шағымы қанағаттандырылмады.

Осыған дейін Алматының ауданаралық әкімшілік соты Коммунистік партияның жетекшісі Алдамжаровтың тіркелмеген "Халық майданы" қозғалысының жұмысына қатысқаны үшін партияның қызметін алты айға тоқтату жөнінде шешім шығарған.

Тіркелмеген оппозициялық "Алға" партиясы мен Коммунистер партиясы "Халық майданы" бірлестігіне қосылатынын маусым айында мәлімдеген еді. "Халық майданы" сайлауға қатысу үшін өз кандидаттарын Коммунистік партияның тізімімен өткізбек болған.