Түркия халықаралық қауымдастық жәрдемін алуға тілек білдірді

Құтқарушылар зілзаладан қираған үй астында қалып қойған екі апталық нәрестені аман-есен алып шықты. Ержиш қаласы, Ван провинциясы. 25 қазан 2011 ж.

Түркия жексенбі күнгі зілзала салдарын жою үшін халықаралық қауымдастықтың жәрдемін алуға ниетті. Бұған дейін ондай жәрдемнен бас тартқан түрік үкіметі енді отызға жуық шет мемлекеттерден жер сілкінісінен зардап шеккен аймаққа берілетін көмек алуға әзір екендігін білдірген.

Қазанның 23-і күні Түркияның Ван аймағында 7,2 магнитудалы жер сілкінісінен, ресми мәліметтер бойынша, 459 адам қаза болып, 1300-ден аса адам жарақат алған. Зілзала салдарынан 2000-нан астам үй қирап, баспанасыз қалған мыңдаған адам шатырлар, ас-су мен жылы киім-кешекке мұқтаж болып отырғандарын айтады.

Құлаған ғимараттар қирандыларын аршу жұмыстары жалғасып жатыр, алайда, олардың астынан тірі қалғандар табылар деген үміт күн өткен сайын азайып барады.

Бүгін құтқарушылар жер сілкінісінен соң 60 сағаттан астам уақыт қиранды астында қалып қойған 18 жастағы бозбаланы аман-есен алып шыққаны хабарланған еді.