Аргентинада "адамзатқа қарсы қылмысы" үшін 11 адам өмір бойы түрмеге кесілді

Сот ғимаратының алдында Аргентинада әскери хунта кезінде хабар-ошарсыз кеткендердің суреттері ілініп тұр. Буэнос-Айрес, 24 қараша 2009 ж.

Аргентина соты "адамзатқа қарсы қылмыс жасаған" деген айып тағылған 11 кісіге өмір бойы түрме жазасын беру туралы үкім шығарды. Елде 1976-1983 жылдары әскери хунта билігі кезіндегі іс-әрекеттері үшін сотталып отырғандар - бұрынғы әскери және полиция офицерлері.

Бұлардың барлығы Буэнос-Айрестегі "Эсма" құпия түрмесінде қызмет еткендер. Ол түрмеде 5 мыңға жуық саяси тұтқындар өлтірілген, олардың кейбірін тірідей ұшақтан Атлант мұхитына лақтырған делінеді.

Сотталғандардың арасында "аққұба әзірейіл" атанып кеткен атышулы бұрынғы теңіз офицері Альфредо Астиз де бар. Сот оны арнайы қызметтің жансызы ретінде елдегі құқыққорғаушы ұйымдардың біріне мүше болып еніп, кейіннен ұйым жетекшілерін ұрлап әкетіп, өлтіруді ұйымдастырғаны, сондай-ақ адамдарды азаптап-қинау, өлтіру және кісі ұрлау сияқты қылмыстары үшін айыпты деп таныды.