АҚШ президенті Қырғызстандағы сайлауға оң баға берді

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама Қырғызстанда өткен президент сайлауының қорытындысына оң баға беріп, оны "демократиялық және бейбіт сайлау" деп атады.

Барак Обама мәлімдемесінде Қырғызстан халқының сайлауға дауыс беруге қатысып, билік өкілеттігінің ауысуы мәселесінде бейбіт және демократиялық жол ұстанатындығы айтылған.

Қазанның 30-ы күні Қырғызстанда өткен президент сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 60,27 пайызы қатысып, олардың 63 пайызға жуығы қазіргі үкімет басшысы Алмазбек Атамбаевты қолдап дауыс берген. Қырғызстан заңына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жартысынан астамын жинаған кандидат жеңіске жеткен болып танылады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары сайлау науқаны кезінде кемшілік болғанын айтты, бірақ "сайлауалды саяси бәсеке тыныш әрі бейбіт сипатта болды" деген баға берді.

Президент сайлауына үміткер болып қатысқан оппозициялық саясаткерлер Адахан Мадумаров пен Қамчыбек Ташиев "дауыс беру барысында жаппай заң бұзу оқиғалары болды" деп мәлімдеп, сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартты.