Не боп жатыр?

Ескі үйдің ар жағында тұрған "Триумф-Астана" тұрғын үй кешені. (Көрнекі сурет)


Күз. Қараша.

Кабинетте отырмын. Терезеден сыртқа қарасам, күн райы тым сұрқай. Аспанды қою қара бұлт басқан. Ызғар жел. Ағаштар жапырағын әлдеқашан тастап, жалаңаштанып үлгерген. Жер – балшық.

Кабинетте тықыр-тықыр еткен клавиатураның үнінен басқа дыбыс жоқ. Анадай жерде дизайнер ағай – өз шаруасымен, мен – өз ойыммен, ал анау... Ой, ол интернетке кіріп алып, бірдеңелерді шұқылап отыр. Уақытын «өлтірудің» амалы.

Астанада жаңалық көп. Қала тіршілігі сол баяғы ритммен кетіп барады. «Шабыт» фестивалі жалғасып жатыр. Елдің басы ел тірлігімен шапқылап жүр. Атыраудағы жарылыс құрбан айттың алдында жұрт үшін біразға дейін әңгіме-азық болатын түрі бар. Қарашаға жетпей көп аймаққа қар жауды. Әркімнің кешкісін көретін өз сериалы, жаңалықтар қарайтын өз арнасы бар.

2011 жылдың иесі Қоянға: «Биыл сені өкпелетпейміз. Сен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына дөп келдің. Сені есте қалар мерекелермен жыл бойы тойлап өтеміз. Оған еш күмәнің болмасын» дестік. Дедік те, кірісіп кеттік. «Дін туралы заң» еліміздегі діншілдерді, құдайын қатты сүйетін, ақиқатты аңсағыш жандардың басын біріктіре алмай басы қатуда. Терроризм сықылды лаңкестік әрекетті ойлап тапқандардың мазағына ұшыраған әлем халқы бұл күрмеуден қалай шығар екен?

Ал әлемдегі жаңалықтар да дүрбелеңнен құр алақан емес. Әрбір жылы бір-бір лидерден кетіріп отырамыз. Әнеубір жылдары Саддам Хусейн кетті сахнадан, сосын Ясир Арафат өлді. Египеттің «перғауыны» Хосни да Қорланның Құсниындай аһ ұрып биліктен кетті. Биыл да қоян қанжығасына Каддафиді «түсірді». Бұл да қазекемдерге ғана емес, әлемнің әңгіме айтқыштарына азық болды. Саяси тақырып пен сериал ХХІ ғасырдың тұрғындары үшін – бас көтеретін себептерінің бірі.

О, айта берсек көп. Ал осының бәріне куә болып отырған біздің уақытымыздың да мерзімі бітіп, кетеміз. Сен елді не әлемді шулатып кететін үлкен тұлға емессің. Сен жай ғана қазақсың, көп пенденің бірісің. Осыларды ойлап басыңды қатырдың не, қатырмадың не – уақыт өз дегенін істейді. Уақытты қалай өткізіп, қалай зерікпеудің қамы үшін жаныққан күндерге есеп беретін шақты білсек те, біз көп жағдайда дәрменсіз екенбіз. Сораптап шайын ішіп отырған анау Бас бастығым да, өзінің бастықтан кейін екінші бастық екенін бір еске салып өтпесе басы ауыратын оның да өтірік қыбыр-жыбырына қарап, өзімнің де уақытты текке өлтіріп отырған осы бір отырысыма қарап, «осыны жаза салайыншы» деген ой келген.

Әйтеуір кеңседе бірдеңені қатырып, бірдеңені тындырып, бірдеңені қырып-жойып, елі үшін, халқы үшін еңбек етіп жүргендердің маңдай тері Қазақты бір ұшпаққа алып шықса жарар дейсің. Тек қашан бір ай бітіп, айлық аламыз деп алақанын ысқылайтындардың күнтізбедегі күндерді «өлтіруші» екенін ұмытпай, бір сәт сол күнтізбедегі күндерге бір өзгеріс енгізуге ұмтылса дейсің. Бірақ соны қалай, қайтіп жасарыңды білмей кейде басың қатады. Тіршілік үшін жүгіріп жүрмін десеңіз де, кейде өзіңді алдай алмайтын сәттерге лағнет айтқың келіп тұрады.

Астананың қарашасы дәл бүгін тымырайып тұр. Біз де күнмен ерегіскендей кабинетте тым-тырыс тымырайып отырмыз.

04.11.2011 жыл. Астана, жұмыста.

(Жазба Жансая Сыдықбайдың блогынан алынды).