Пәкістанның АҚШ-тағы елшісі дауға ұрынды

Пәкістанның АҚШ-тағы елшісі Хусейн Хаккани. 8 шілде, 2010 жыл.

Пәкістанның АҚШ-тағы елшісі Хусейн Хаккани президент Асиф Али Зардариден өзін отставкаға жіберуді сұрады. Ол Пәкістанның әскерилерін басқаруға АҚШ-тан көмек сұрауға өзінің де қатысы бар деген сыбыстан кейін осындай өтініш білдіріп отыр.

Дауға "Financial Times" басылымында қазанның 10-ы күні шыққан мақала себеп болды. Басылымда жоғары шенді пәкістандық дипломаттың президент Асиф Али Зардари жазған хатты әуелі АҚШ адмиралы Майкл Милленге, сосын жоғары шенді өзге офицеріне беруге тырысты делінеді. Ол хатта президент АҚШ-тан Пәкістанның әскери билігін тежеуге көмек көрсетуді сұраған. Пәкістан сыртқы істер министрі бұл мақаланы "мүлдем ойдан шығарылған" деп атады.

Пәкістанның жоғары шенді дипломатының айтуынша, елші Хусейн Хаккани алдағы екі-үш күнде Исламабадқа барып, жағдайға қатысты өз ұстанымын білдіреді.