Қайрат Лама Шәріп терактілердің жиілеуін жаңа заңнан көрмейді

Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Астана. 7 маусым 2011 жыл.

"Қазақстанда қазан мен қараша айларында болған террорлық актілер дін туралы жаңа заңның қабылдануымен байланысты емес" дейді дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп «Мегаполис» басылымына берген сұқбатында.

Қайрат Лама Шәріп: «Адам өлтіру, өзін-өзі құрбан ету мен экстремизм исламмен байланысты емес. Экстремистерге мұны сылтауратудың жөні жоқ. Діннің бұларға еш қатысы жоқ» - деген.

Оның айтуынша, облыстарда дін істері жөніндегі департаменттердің жанынан құрамына имамдар мен дінтанушылар кіретін ақпараттық, үгіт-насихат тобы құрылған. Олар террорлық актілер болған аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Атырау мен Тараз қалаларында соңғы бір айда болған жарылыстардан жиыны тоғыз адам қаза тапқан еді. Жарылыстарды «Халифат сарбаздары» исламшыл тобы мойнына алды.