«Мәжіліс тарады. 119 депутат жұмыссыздар қатарын толықтырды. Экс-депутаттар ай сайын үш ай бойы жұмыссыз ретінде мемлекеттен 600 мың теңге өтемақы алып отырады. 3 айда 119 депутатқа бюджеттен 214 млн 200 мың теңге жұмсалады екен» деп аймандай қып жазып қойыпты Абай.кз сайтының маңдайшасына.
Бұны көргендер «Бұл ақшаны мен пәлен ай істеп жүріп әрең алсам, бұлар бір-ақ айда алады екен ғой. Бәсе, жұрттың неге депутат болғысы келеді десем, ақшасы көп екен…» деп, неше түрлі негатив ойларға кетуі мүмкін. Кетіп жатқан да шығар уже.
Бұл бұл ма - оларға осы айлықтың үстіне қосымша қызметтік пәтер, көлік беріледі. Олар осы ақша мен баспанаға лайық елдіктің бүгінін де, ертеңін де көркейтіп жіберетін әділ заңдар шығарып, қазақтың мұң-мұқтажын қорғап, ләкин халқын шырылдатпайтын әділ заңдар шығара алды ма?
«Судың да сұрауы бар» демекші, кейде осыншама қыруар қаржының қайда не мақсатта жұмсалғанын Құдай о дүниеде депутаттардың бәрін алдына тізіп қойып сұраса не дер екен? «Мен ана «Тіл туралы» заңға өзгеріс енгізуге атсалысу үшін микрофоннан бір рет сөйледім, мынанша депутаттық сауал жолдадым» демекші ме? Я «сайлаушыларыммен кездесіп, қап-қап уәде беріп келдім, арыз-тілек, талаптарыңды жоғары жаққа қалайда жеткізем деп айттым» демек пе? Болмаса тірісінде жасаған сауапты істерін санамалаумен әбігерге түсер ме екен?
Жә, қойшы, депутат осы дүниедегі қылған ісіне құдай алдында өзі жауап береді ғой, оған сіз бен біздің не басымызды ауыртқанымыз бар?
Біз ше? Уа, жамағат тұрғындар, біз не дейміз Құдекеңе? Біздің де айлығымыз 600 мың болса, не істер едік? Шүкіршілік етіп күн көрер алар ма екенбіз, жоқ көп ақшаның буымен есіріп кетер ме екенбіз? Жоқ әлде «бұл сұрақты қойып басты қатырма, халықтың айлығы ешуақытта 600 мыңға жетпейді, армандамай-ақ та қой. Одан да тып-тыныш өміріңді сүре берсейші» дегіңіз кеп, монитордың ар шетінде маған жыныңыз кеп отыр ма?
Жарайды, нервіңізге тимей-ақ қояйын, онсыз да позитившіл пенде болуға бәріміз ұмтылып жүр емеспіз бе? Лайым солай болсын.
24.11. 2011 жыл. Сағат:14:55
(Жазба Жансая Сыдықбайдың блогынан алынды).