Ресей Сирияға салынған эмбаргоны қабылдамай тастады

Хула қаласында билікке қарсы наразылық шаралары. Хомс провинциясы, 28 қараша 2011 жыл.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін БҰҰ-ның Сирияға қару-жарақ сатуға енгізген эмбаргосын қабылдамай тастады. Ол "халықаралық қауымдастық Дамаскіні санкциялар енгізумен қоқан-лоққы жасай беруін тоқтату керек" дейді.

Лавров мұны АҚШ пен Еуроодақ кеше БҰҰ қауіпсіздік кеңесін Сирияның шерушілерді басып-жаншуына қарсы шаралар жасауға шақырғаннан кейін айтты.

28 қарашада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесі Сирия әскерлері қауіпсіздік күштері президент Башар әл-Ассадтың тапсырмасымен адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген болатын. Араб лигасы бұған дейін Сирияға қарсы санкциялар енгізді.

Түркияның сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу халықаралық қауымдастықтың Сирияда зорлық-зомбылықтан бас сауғалаған адамдар паналайтын қауіпсіз аймақ құруы мүмкін екенін айтты. Ал транспорт министрі Бинали Йылдырым егер Сириядағы жағдай оңалмаса, онда Түркия Таяу Шығыспен Ирак арқылы сауда-саттық жасасуды көздеп отырғанын жеткізді.