Ресейде сайлаудан соң екі қаланың мэрі қызметінен кетті

Ульяновск қаласының мэрі Александр Пинков.

Ресейде өткен сайлауда билеуші «Единая Россия» партиясы төмен дауыс жинаған екі қаланың мэрі өз еріктерімен отставкаға кетуге өтініш білдірді деп хабарлайды Азатық радиосының Орыс қызметі.

Екі жыл қызметте болған Ульяновск қаласының мэрі Александр Пинков кеше отставкаға кету туралы өтініш білдірді. «Единая Россия» партиясы Ульяновскіде сайлаушылар даусының 30 пайызына ие болған. Ал коммунистік партия 29 пайыз дауыс жинады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, Ульяновск облысының губернаторы Сергей Морозов аппарат жиынында «Единая Россия» партиясы 50 пайыздан төмен дауыс жинаған аймақ басшыларының қызметтен босатылатынын ескерткен.

Ахтубинск қаласының мэрі де отставкаға кетуге өтініш берген. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, бұл қалада «Единая Россия» партиясын сайлаушылардың шамамен 29 пайызы ғана қолдаса, коммунистік партияға 32 пайызы қолдау білдірген.