Сирияда қақтығыс әлі жалғасып жатыр

Хомс қаласында өтіп жатқан үкіметке қарсы шерулер. Сирия, Хомс, 6 желтоқсан 2011 жыл.

Ақпарат агенттіктері Сирия үкімет күштерінің әскерден қашқандармен алғаш рет ірі шайқас өткізгенін хабарлады.

Үкімет күштері кеше Йорданиямен шекараға жақын Басра әл-Харир қаласына кірген. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Басра әл-Харир және оған жақын Луджа қаласында жарылыстар мен артиллериядан атылған оқтардың дауыстары естілген. Зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ.

Францияның сыртқы істер министрі Ален Жюппе өткен жұма күні көршілес Ливанда француз бейбітшілік сақтау күштеріне жасалған шабуылдардың тасасында Сирия тұрғанына сенімді екенін айтты.

Адам құқын қорғау ұйымдары Сирия оппозициясы Дамаск мен басқа да қалаларда шерулер өткізген жексенбі күні 10 шерушінің қаза тапқанын хабарлады.