Шетпедегі қақтығыстан бір адам қаза болды

Жаңаөзеннің орталық алаңында тұрған полицейлер. 16 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

Желтоқсанның 17-сі күні кешкі сағат 8-дерде Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Шетпе станциясында да қарапайым халық пен арнайы жасақ қақтығысып қалды деп хабарлайды аймақтағы тілшіміз.

Шетпе ауылы тұрғындарының айтуынша, сағат 18-де арнайы жасақ келіп, пойыз жолын бөгеп тұрған жұрттың кетуін талап еткен. "Алайда темір жол үстіне топтасқан жұрт тарқамады, ақыры қоян-қолтық ұрыс басталып кетті" дейді Шетпеден телефон арқылы хабарласқан Бауыржан есімді азамат.

- Мен қазір аудандық ауруханада отырмын 25 жастағы бір жігіт басынан оқ тиіп қаза болды. 8 адам жарақат алды. Жаралылар көбейіп барады, - деді Бауыржан.

Басқа бір дерек көзі дәл осындай халық наразылығы Жетібай ауылында да басталғанын, тұрғындардың ауылдық әкімшілік алдына жиналғанын хабарлады.