Жаңаөзендегі ескі жағдай

Жаңаөзендегі оқиғаға орай шеруге шыққан тұрғындар. Ақту, 18 желтоқсан 2011 жыл.


Әңгіме әдептен озбай басталған. Үй иесі – өзіміздің бөшкемізге бір шелек, шетелдік компанияның бөшкесіне он шелек мұнай құйып жүрген жұмысшы қазекем айлық жалақының ала-құлалығына еріксіз таңданды. Бұның бір сағаттағы маңдай теріне бір жарым мың теңге төленсе, шетелдіктің маңдай теріне үш мың теңге төленеді. Істейтін жұмыс – бірдей, алатын аты – екідай. «Ол қалай?».

Осы сұрақты мұнай құбырымыздың тығынын ұстап отырған қожайынның алдына апарып қойған. Қожайын келімсекпін-ау деп ойланбады: «Шыдасаң осы, шыдамасаң – кете бер, орныңды босат!» деп айқайлады. «Шаңыраққа қарасаңыз қайтеді?» дегенге: «Мен сендерді шаңырақтарыңмен қоса сатып ала аламын!» деп шіренді. Өз үйінде мазаққа ұшыраған мұнайшы қазекем сонда да әдеп сақтап, компания басшыларының алдына енді: «Мені сыйламасаң да, біздің заңды сыйла!» деген талап қойып еді, тоқал ешкінің аяғын құшты.

Біреуі емес, жүздегені, мыңдағаны сөйтті. Жандәрмен Астанаға арыз-шағым жолдап, араша тіледі. Ол жақтан Есілді құлдай соққан ескек желдің там-тұмынан басқа дәнеңе келмеді.

Арада дау-дамаймен бір ай өтті... екі ай... үш ай... Жаңаөзендегі қожайындардың қоқаңы бел алды, Астанадағы билік тобы тым-тырыс. Еңбекақысы әділ төленуін құқық жолымен талап еткен 3 000 жұмысшы зауыт қақпасының сыртында қалды. Бала-шағаларын ескере орта есеппен санасаң, 12 000-15 000 кісі күнкөріс шөмішінен қағылды.

Қазақ мұнайының келімсек қожайындары қыңқ етер емес: «Бізде жалақы дұрыс төленіп жүр... олар көп алған сайын көбейтуді талап етеді... олар байып алған соң есіріп кетті... жұмыстан заңсыз шығарылғаны жоқ...» дейді. Жарналас қазақ қожайындар: «Иә, солай... дұрыс айтады...» деп безектейді.

Арада жарты жыл өткенде жүйкесі тозған жұмысшы жұрт жанайқай сөздерін де, ереуілші өздерін де елемеген тоңмойындармен қақтығысуға мәжбүр болды. Астанадағы билік сонда ғана мойын бұрып, соның өзінде пәтуа іздеген өкілдерін емес, пәрменді полициясын жұмсады. Не болғанын, не болып жатқанын, халайық, өздеріңіздер естідіңіздер, көріп-білдіңіздер.

Бұдан 22 жыл бұрын Семей атом-ядролық сынақ полигонының зобалаңын анықтау, полигонның жабылуын талап ету үшін Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияға барған әйгілі жазушымыз Әлімжанов Әнуар былай деген: «...Мен бұл жиынға Маңғыстаудан келдім. Онда да жағдай қиын. Жаңаөзенде де, Ескіөзенде де болдым, бәрін аралап көрдім. Кіндік қаны тамған жері тартып алынып, баспанасыз босқын болып кеткен анау ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарымен кездестім. Олар «басы артық» жұртқа айналып, жұмыссыз қалған. Сондықтан, қашанға дейін шыдасын – өздерін титықтатқан күшке қарсы көтерілген. Бірақ оларды түсінген жан жоқ, қайта оларға автоматын кезенген әскерді тосқауыл етіп, қоршап, бірнеше күн бойы нан да, су да татырмай қойған...»

Ол жолы «нан да, су да татырмай қойса», бұл жолы жиырма шақты адамның қаны төгілді!

Жаңаөзен ереуіліне президент Н.Назарбаев та, премьер-министр К.Мәсімов те, парламент те, халықтар ассамблеясы дейтін де назар аудармады. Президент пен премьер: «Ә, шулайды да қояды» дескен шығар. Қазақтың Шаңырағы да, Бақайы да, басқа ауылдары да шулаған.

Парламент болса, жағымпаздықтың дәмін алған әккі, жалықпас депутаттарының аузымен «Нұрекеңнің атын Астана қаласына берейік!», «Нұрекеңе Қазақстанның Еңбек Ері атағын берейік!», «Нұрекеңе Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағын берейік!», «Желтоқсанның бірінші күнін біздің бірінші президентіміздің күні етіп белгілейік!» деп, Қазақстан үшін бүгінгі таңдағы «аса маңызды» мәселелерді мәжілісінің күн тәртібіне бірінен соң бірін қойып, әлек-шәлек болып жатты. Ол мәселелерге Жаңаөзендегі жағдай астар бола алсын ба?!

Кімге болсын «Халық қаһарманы» атағын президент қана беруге құқылы екенін білетін депутаттар ол заңды да айналып өту оп-оңай екенін көрсетіп, ең жоғары атақты бере алу құқығын үкіметке құшақтата қойып еді, Мәсімов мырза: «Үкіметті басқарғалы маған жүктелген ең жауапты міндет осы болды!», деп, мұртын сипалап шыға келді. Бірақ, амалы не, «ең жауапты міндетін» атқара алмады, әу бастағы сценарийден ауып кете алсын ба?!

Міне, бізде осылай. Астанада – күнде жиын, күнде той, ауыл-аймақта әуре-сарсаң, ал Жаңаөзенде – көз жасы мен қан!