Жаңаөзен: қаза тапқандар 16-ға жетті

Жаңаөзен қаласының кіреберісіне қойылған белгі. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде 16 желтоқсандағы оқиғада жарақат алған тағы бір адам қайтыс болды деп хабарлайды Жаңаөзен қаласының орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жапарова Азаттық радиосына.

"Кеше, желтоқсанның 25-інде таңғы сағат 7-де 16 желтоқсандағы Жаңаөзендегі оқиғада жарақат алған 1967 жылы туған Оразбай Мәмбетназаров есімді азамат қайтыс болды. Ол ауруханаға 17 желтоқсан күні түсті. Еш жерде жұмыс істемейді" деді Раушан Жапарова Азаттық тілшісіне.

Ол бұдан басқа ауруханада жараланған 11 адамның ем қабылдап жатқанын да айтты.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада және оның салдарынан 15 кісі қаза болғаны туралы мәлімдеген еді. Ал ресми емес мәліметтерді жеткізушілер құрбан болғандардың саны бұл айтылғандардан көп дейді.