Сирияда бүгін 13 адам қаза тапты

Хомс провинциясында халық қақтығыста қаза тапқан әйелді жерлеуге алып бара жатыр. Хомс провинциясы, 12 желтоқсан 2011 жыл.

Бүгін Сирияның Хомс қаласында қауіпсіздік күштерінің қолынан 13 адам қаза тапты деп хабарлайды жергілікті белсенді топтар.

Бұл адам өлімі Сирияға араб лигасынан елдегі жағдайға талдау жасауға 50 бақылаушының келетін уақытында болып отыр. Әзірге Дамаскіге өткен аптада тоғыз адамнан тұратын топ келген болатын.

Президент Башар әл-Асад пен Араб елдері лигасы арасында өткен аптада Сириядағы қантөгісті тоқтатуға жасалған келісімнің бір тармағы осы ұйым бақылаушыларын Сирияға кіргізу болып табылады. Келісімде Сириядағы қантөгістерді тоқтату және саяси тұтқындарды босату қарастырылған.

Кеше Сирияның оппозициялық Ұлттық өтпелі кеңесі бақылаушыларды "күнде қантөгіс болатын" Хомс қаласына келуге шақырған болатын.