Тәжікстанда жарылысқа қатысты 53 адам сотталды

Түрме ғимаратының терезесі. Көрнекі сурет.

Тәжікстанның Соғды облысының соты 2010 жылы қыркүйекте болған шабуылдарға қатысы бар деген 53 адамға үкім шығарды.

Сот олардың 43-ін тыйым салынған Өзбекстан ислам қозғалысының мүшесі деп тапты. Олардың бесеуін өмір бойына, қалған 48-ін сегіз жылдан отыз жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шықты.

2010 жылы 3 қыркүйекте бомба жасырылған көлік Худжанд қаласының орталығында облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің ғимаратына келіп соғылып, жарылған болатын. Жарылыстан екі полицей мен үш бейбіт тұрғын қаза тауып, 28 адам жараланған.

Өзбекстан ислам қозғалысы Орталық Азия республикаларының билігін құлатып, орнына ислам мемлекетін құруды көздейді.