ОСК: "Руханият" партиясы сайлауға қатыспайды

Орталық сайлау комиссиясының бас хатшысы Бақыт Мелдешов.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) парламент мәжілісінің депутаттығына "Руханият" партиясының атынан ұсынылған партиялық тізімді тіркеуден бас тартты деп хабарлайды ОСК-ның бас хатшысы Бақыт Мелдешовке сілтеген ҚазТАГ агенттігі.

Мелдешов бас прокуратураның "Руханият" партиясының "Сайлау туралы" заңның парламент мәжілісіне үміткерлерді ұсыну тәртібін бұзғанын анықтағанын, ал ОСК-ның аталған заңға сай 2011 жылғы 14 желтоқсанда тіркелген "Руханият" партиясының тізімін жоюға шешім қабылдағанын жеткізді.

Бұған дейін партияның бұрынғы төрағасы Алтыншаш Жағанова "Руханияттың" қазіргі жетекшісі Серікжан Мәмбеталин партияның парламенттік сайлау алдындағы съезін заңға және партияның жарғысына қайшы түрде өткізді" деп мәлімдеген еді.


Ол партияның мөрі және басқа да құжаттары өзінде екенін айтып, партияның парламент депутаттығына ұсынып, өткізген үміткерлері заңсыз тіркелді деп санайтынын жеткізген. Жағанова осыған орай бас прокуратураға шағымданған.

Ал бүгін "Руханият" партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбеталин Алтыншаш Жағанованың партия мүшелігінен шығарылғанын хабарлады.