Бердімұхамедов президенттікке үміткер болып тіркелді

Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов.

Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов 2012 жылдың 12 ақпанында өтетін президент сайлауына үміткер болып тіркелді.

«Арқадағ» («Желеп-жебеп жүруші») деген ерекше атақ берілген Бердімұхамедовті елдегі өзі басқаратын тіркелген жалғыз саяси партия – Демократиялық партия президенттікке үміткер ретінде ұсынған. Сайлауға түсуге Бердімұхамедовтен өзге әзірге араларында су министрі, энергетика және индустрия вице-министрі, аймақ әкімі, кәсіпорын басшылары бар, барлығы жеті адам тіркелген.

Сайлауға бақылау жасайтын батыстық ұйымдар Түркіменстандағы сайлауларға «халықаралық стандарттарға сай еркін және әділ өтпейді» деп санап, бақылаушыларын жіберген емес. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Түркіменстан басшылығымен ақпанда болатын сайлауды бақылауға қатысты келіссөздер өткізген. Бірақ бақылаушыларын жіберу, я жібермеуді әлі шешкен жоқ.

Ақпандағы сайлау тәуелсіз Түркіменстан тарихында екі және одан да көп үміткер қатысатын екінші президент сайлауы болайын деп тұр.