Жаңаөзенде азық-түлік құны елдегі орташа бағадан төмен

Нан кезегінде тұрғандар. Жаңаөзен.18 желтоқсан, 2011 жыл. Суретті "Новая газетаның" тілшісі Елена Костюченко түсірген.

Жаңаөзен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралардың нәтижесінде мұнда түрлі тағамдардың бағасы республикалық орташа деңгейден төмен деп хабарлайды pm.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып.

Хабарламада, картоптың бір килограмы 58 теңге, ал Атырауда ол 63 теңге тұрады, сондай-ақ күріштің бір килограмының бағасы Астанада 194 теңге болса, Жаңаөзенде 125 теңгеге сатып алуға болады деп жазылған.

«Осылайша Жаңаөзен қаласы азық-түлік тауарларымен жеткілікті қамтамасыз етілген,қажетті заттарды жеткізуде іркіліс-кідірістер болмайды»,- деп атап көрсетеді Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз-қызметі.

2012 жылдың 6 қаңтарына дейін Маңғыстау облысының аймақтық тұрақтандыру қорына 1082492 миллион теңге аударылып, 5120 тонна азық-түлік жинақталған. Тұрақтандыру қорын пайдалана бастаған уақыттан бері Жаңаөзен халқына 90 тонна азық-түлік сатылған.

Өткен жылдың 16 желтоқсанында 16 адам құрбан болған толқулардан кейін президент Жарлығымен Жаңаөзен аймағына енгізілген төтенше жағдай қаңтардың 31-не дейін ұзартылған.