Жастар зиялыларға үндеу жолдады

Бүгін «Рух пен тіл» клубы бастаған бір топ жастар Қазақстанның бірқатар ақын-жазушы, мәдениет және қоғам қайраткерлеріне арнап үндеу жариялады. Ол үндеуде қоғамдық ұйым зиялылардың Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сында болған оқиғаға берген бағаларын сынап, ол пікірлерінен бас тартуға шақырады.

Ұйым Әбіш Кекілбаев, Смағұл Елубай, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ермек Серкебаев және басқа да қоғам қайраткерлерінің Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда жергілікті халық пен мұнайшыларды қаралап сөйлеген сөздерін «мәселені толық түсінбеушілік» деп ұғатындарын айтады.

«Өкінішке қарай, жеті ай бойы аптап ыстықта, Маңғыстаудың қара суығында ереуілдеген мұнайшылардың арасына Сіздердің бірде біреуіңіз барған жоқсыздар. Сондықтан болар, Жаңаөзен мен Шетпедегі қасіретті толық сезінбеген сияқтысыздар» делінген үндеуде.

Үндеуде зиялыларды «Жаңаөзен оқиғасындағы биліктің жауапкершілігі жайлы мәселе көтермеді, билеуші «Нұр Отан» партиясының басшылары мен парламент депутаттары Маңғыстаудағы ереуілшілермен неге кездеспеді деген сұрақ қоймады» деп айыптайды.

Бұдан ары «үкіметтің Жаңаөзенде 16 желтоқсандағы оқиғадан кейін қудалауды ашық түрде бастағанын» жазған ұйым зиялыларды «мұнайшылар мен халық жағына шығып, Нұрсұлтан Назарбаевтан қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етуге» шақырады.

Жаңаөзен мен Шетпеде желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері болған оқиғалардан соң бірқатар ақын-жазушылар мен өнер адамдары ресми ақпарат құралдары арқылы "Жаңаөзендегі бұзақылықты ұйымдастырғандар – елдің шырқын бұзғандар, тәуелсіздік тойын тәрік еткендер" деп айыптаған еді.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғадан және соның салдарынан 16 адамның қаза болғанын растады. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланды. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеген еді. Кейін прокуратура қару қолданып, адам өлтіргеніне байланысты полиция қызметкерлерінің үстінен "қару қолдануда қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады