Есіргепов адам құқықтарын қорғайды

«Алма-Ата Инфо» газетінің бұрынғы бас редакторы Рамазан Есіргепов түрмеден шыққан соң алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

"Алма-Ата Инфо" газетінің түрмеден шыққан бұрынғы бас редакторы Рамазан Есіргепов "Журналистер қатерде" қоғамдық қорын басқаратын болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін Алматыда баспасөз жиынын өткізген Рамазан Есіргеповке "Журналистер қатерде" қорының президенті Розлана Таукина оған қорды басқаруды ұсынып, Есіргепов оны қабыл алған. Рамазан Есіргепов бұдан ары алда атқаратын жұмыстары жайлы айта кетті. Ол өзіне екі жыл бойы журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынғандықтан енді қоғамдық қызметпен, оның ішінде адам құқықтарын қорғау жұмыстарымен айналысатынын айтты.

Жаңаөзендегі оқиғаларға орай пікірін білдірген Есіргепов оппозициялық партияларды парламент сайлауына түсуден бас тартып, өз үміткерлерін кері қайтарып алуы керек деді.

2009 жылы тамыздың 8-інде Тараз қалалық №2 сотының үкімімен «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған екі жыл мерзімге баспагерлік және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынып, «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау және тарату», «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» баптары бойынша айып тағылған. Есіргепов биыл қаңтардың 6-сында жазасын өтеп, босап шықты.