Беларусь президенттіктен үміткердің ісін қайта қарады

Беларусь президенттігіне үміткер болған Николай Статкевич.

Беларусь соты президенттіктен үміткер болған 55 жастағы Николай Статкевичті үш жыл жабық режимдегі түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Статкевич 2010 жылғы президент сайлауына түсіп, 2011 жылы оның нәтижелеріне қарсылық білдірген наразылықтарды ұйымдастырды деген айыппен алты жылға еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеп жатқан.

Жазасын өтеп жатқан Шклов қаласындағы еңбекпен түзеу колониясында отырыс өткізген жылжымалы сот оны "лагерьдің ішкі ережесін үнемі бұза береді" деген айыппен жабық режимдегі колония ауыстырды.

Жабық сот отырысына оның әйелі де, журналистер де кіргізілмеді.

2010 жылдың 19 желтоқсанында президент сайлауына қатысқан үміткерлер "сайлау әділ өтпеді" деп наразылық танытқан. Минскіде оларды қолдап 15 мыңға жуық адам көшеге шықты. Полиция "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды" деген айыппен үміткерлерді тұтқындап, оның ішінде Николай Статкевичті 2011 жылдың мамырында алты жылға соттаған.