Шетелдік бақылаушылар Жаңаөзенге таңертең барады

Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы полиция жасақтары, 18 желтоқсан, 2011 жыл.

Сенбі күні АҚШ бақылаушыларының делегациясы Ақтау қаласының әкімі Оспан Қазақбаевпен кездесті деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

«Біз әкіммен сайлауға әзірлік жөнінде сөйлестік. Әрине Жаңаөзен тақырыбын, сондай-ақ бүкіл аймақтағы ахуал турасында да сөз еттік. Әлемдік қауымдастық қазір Батыс Қазақстандағы жағдайды жіті қадағалап отыр»,- деді журналистерге АҚШ бақылаушысы Маргарита Ассенова.

Ол Жаңаөзен қаласына бақылаушылар мен журналистердің жексенбі күні таңертең ерте жүретінін айтқан.

«Біз ол жаққа таңғы 4-те шығамыз. Бізде Орталық сайлау комиссиясының аккредитациясы бар және қалаға кіруде кедергі болмайтындығы жөнінде уәде берілді»,- деп атап көрсеткен Ассенова.

"Біз барлық елде бақылауды қалай жүргіземіз, мұнда да солай жұмыс істейміз. Сайлаушылардың қалай дауыс беріп жатқанын бақылаймыз. Кейбір учаскелерде төрағалармен, үміткерлермен, жергілікті бақылаушылармен сөйлесеміз.

Олардан әрине кімге дауыс бергенін сұрамаймыыз. Біз дауыс беру еркіндігі болды ма, тізімде сайлаушының аты-жөні бар ма, болмаса ол мәселе қаншалықты жылдам шешілді деген тәрізді сауалдарға жауап іздейміз. Кешкі 8-де учаскелердің жабылуына қатысып,бюллетендердің саналуы мен хаттамалардың жазылуын бақылаймыз. Ақтауға тек түн ортасында қайтып ораламыз",- дейді Маргарита Ассенова.

Дүйсенбі күні шетелдік бақылаушылар Ақтау қаласында журналистерге баспасөз-мәслихатын өткізеді.

Ресми деректер бойынша, Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғадан және оның салдарынан 16 адам опат болды делінсе, қала тұрғындары құрбан болғандардың саны одан көп екенін айтады. Желтоқсанның 17-нен Жаңаөзенде төтенше жағдай енгізілген, ол қаңтардың 31-не дейін созылады.