Саяси белсенділердің үйлерін тінтіп жатыр

Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов.

Тіркелмеген «Алға» партиясының кеңсесінде тінту шаралары жүргізіліп жатыр деп хабарлады Азаттық радиосының тілшісі. Тінту жүргізіп жатқан адамдар кеңсенің күзетшісінің орнына өз офицерін қойған. Ол кеңсеге ешкімді кіргізбейді және тексеру жүргізіп жатқан қай жатқан мекеме екенін айтпайды.

Ал партия белсендісі Мұрат Тұңғышбаев таңғы 8.30 шамасында жұмысқа келгенде кеңседе жай киім киген адамдардың тінту жасап жатқанын көргенін айтады. Белсендінің сөзіне қарағанда, кеңседе жүрген бөтен адамдар партияның компьютер жөніндегі маманын жұмысқа шақыртқан.

Партияның Алматы қалалық филиалы жетекшісінің орынбасары Ерлан Қалиевтің Азаттыққа айтқан мәліметінше, партия жетекшісі Владимир Козловтың үйінде «Лексус» көлігімен келген бейтаныс адамдар тінту жүргізіп жатыр. Ерлан Қалиев партия есепшісі Гүлжан Лепесованың, күзет бөлімінің бастығы Асқар Тоқмұрзиннің пәтерлерін де тінтіп жатқанын айтады.

Партия белсендісі Михаил Сизовтың да пәтерінде тінту болған. Бейтаныс адамдар Сизовты тұтқындап, оның үйіндегі кітап, дискі мен компьютер, техникаларды алып кеткен.

"Рух пен тіл" клубының белсендісі Инга Иманбайдың хабарлауынша, клуб жетекшісі Жанболат Мамайдың үйін де тінтіп жатыр. Үйдің алдында тұрған ҰҚК-нің екі қызметкері ішке ешкімді кіргізбейді. ҰҚК қызметкерлері тінтудің прокурордың санкциясы бойынша куәлердің көзінше жүріп жатқанын айтқан.