Орталық Азияда саяси көктем туа ма?

Оппозиция наразылық митингісін өткізуді жоспарлаған Абай Құнанбайұлының ескерткішін полиция қоршауға алып тұр. Алматы, 28 қаңтар 2012 ж.

Foreign Policy («Форин Полиси») журналында Джоанна Лиллис «Орталық Азия көктемі қашан шығады?» деген сауал қояды. Автор Қазақстан президентін осыдан бірнеше жыл бұрын ғана мызғымастай болып көрінген араб әлемінің диктаторларымен салыстырады.

Басым көпшілігі мұсылман халқын билеп-төстеп, әділетсіз сайлау өткізіп, пікірі ұнамаған қарсыласын елден бездіріп, қуыршақ парламент құрып, Батыспен дос болуға тырысқан айбатты президент бейнесі кімдерді еске түсіреді деп басталады мақала. Дәл осылай шалқып отырған Тунис пен Египеттің президенттері, соңғы бір жылда басымен қайғы боп кетті дейді мақала авторы.

Қазақстан қоғамында ондай төңкеріс пісіп жетілмеген шығар, дегенмен Батыс араб елдерінде жіберген қателігін тағы да қайталап жатыр деп есептейді тілші. Себебі «әділдікті белден басып отырған қазақ президентіне» Батыс жұрты бұл елдің энергетикалық байлығына бола кешіріммен қарап, оның көп кемшіліктерін көрмегенсиді деп пайымдайды ол.

АҚШ-тың МҮДДЕСІ

Сайлау барысында биліктің қитұрқы қысымдарының кесірінен тас-талқан боп жеңілген оппозициялық партиялар Жаңаөзен оқиғасын жаңғыртып, биліктің әлсіз жеріне жармасып, «әділетсіз сайлауды» әлі де әшкерелеп жатыр деп жазады шетелдік басылым авторы қаңтар айының 27-сі күні.

Батыс бақылаушылары әділетсіз сайлауды сынаудың орнына мейлінше үнсіз қалып отыр. Вашингтон да: «Қазақстан демократияға қарай енді-енді аяңдап келе жатыр» деп сипай өте шықты деп санайды автор. Ауғанстанға Northern Distribution Network (Солтүстік қамту желісі) бойынша әуе жүгін жеткізу мәселесіне қатысты АҚШ Қазақстанның көмегіне зәру. Өйткені Пәкістандағы жағдай күннен-күнге тұрақсыз болып барады. Сол себепті кейбір сарапшылар Вашингтон Астананы демократиялық реформа жасауға қатты күштей алмайды деп санайды деп жазады автор.

«ФАРС САЙЛАУ»

Мақала авторы бұдан соң парламент сайлауының нәтижесін талдап шығады. Джоанна Лиллис «Бұл туралы еш шүбә қалмасын: сайлау нағыз фарс болып шықты» дейді де, оппозициялық партияларға жасалған шектеулерді таратып жазады. Одан бөлек сайлауға риза болмай Алматыдағы Республика алаңына жиналған саясаткерлердің сайлау хаттамаларын өртеп, билікті сөккен сөздерін келтіреді.

Ал президент Назарбаевтың өзі болса бұл сайлау өте әділ өтті, әрі біздің тарихымыздағы шешуші күн болды деп тоғайып отыр дейді тілші. Оппозицияның сайлаудағы заң бұзушылықтар туралы шағымы Азаттық тілшісі куә болып, сайлау жәшігіне бюллетенді топ-тобымен салып жатқан сәтті түсіріп алған видео арқылы айғақталып тұр дейді автор.

«БӘРІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРҚАСЫ»

Автордың ойынша Нұрсұлтан Назарбаев плюралистік саясатқа бастап бара жатқан жоқ. Керісінше, оны ұлықтап, жеке басына табыну фактілері көбейіп кеткен. Автор Назарбаев автократ болу да мүмкін дей келе, бірақ оған халықтың өзі де сондай наразы емес деген пікір білдіреді. Себебі Қазақстан тұрғындарының көпшілігі өздерінің саяси, азаматтық еркіндіктерінен гөрі экономикалық даму мен тұрақты, тыныш өмірді негізгі жетістік санайтын саяси режимді артық көріп отыр. Қазақстанның ЖІӨ былтыр 7,5 пайызға өсті, одан бөлек көпэтникалық елде қақтығыстың болмағаны президент Назарбаевтың ұпайын көбейтіп тұр дейді Джоанна Лиллис.

«АЙРАНДАЙ ТӨГІЛГЕН АБЫРОЙ»

Мақала авторы Қазақстан үкіметі соңғы 20 жылда жинаған абыройын Жаңаөзендегі оқиға кезінде бір-ақ күнде төгіп алды деп санайды. Ол Жаңаөзен оқиғасына талдау жасай келе, «биліктің тарапынан кеткен өрсекел қателіктер мен толқуды тоқтатқан полицияның шектен шыққан қатігездіктері» туралы жазады. Бұған дейін қит етсе халқына Ауғанстан мен Қырғызстанды мысал қып мақтанатын Қазақстан үкіметі, өз халқын қанға бөктіріп масқара болды дейді ол.

Жаңаөзенге баруға мәжбүр болған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «мән-жайды толық тексереміз» деп уәде бергенімен полицияны ақтап сөйледі деп жазады автор. Болмашы ауыс-түйіс жасап, сол баяғы ескі сарынмен тағы да бар кінәні шетелде бой тасалап жүрген саяси қарсыластарына үйіп-төкті деп санайды ол.

Бақылаушылар Қазақстан билігі Таяу Шығыстағыдай толқудың алдын-алу үшін енді оппозицияны біржола талқандауға кірісті деп алаңдайды. Автордың «Орталық Азияда көктем туа ма?» деген сұрағына жергілікті саясаткерлердің бірі «Иә, туады. Көктем болмаса, күз туады» деп жауап берген. Ал мақала авторы сөйлескен шетелдік сарапшы: «Соңғы 20 жылда Қазақстанда орнаған авторитарлық билікті қолдау арқылы Батыс пен АҚШ Назарбаевтан кейінгі кезеңде халықаралық қауымдастықтың айыптауына ұшырауға таяу тұр» деп мәлімдеген.