Болат Атабаевқа айып тағылды

Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 13 қаңтар 2012 жыл.

Театр режиссері, Жаңаөзен оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссияның мүшесі Болат Атабаевқа қылмыстық кодекстің 164-бабының 3-тармағы бойынша "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тағылды.

Болат Атабев кеше ҰҚК-ге тергеуге шақырылған, оған Алматыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат жаздырып алған.

Болат Атабаевты қосқанда қылмыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлімі бойынша айыпталған адамдардың саны бесеу болды. Олар - тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов, "Халық майданы" қозғалысының белсенділері Айжангүл Әмірова мен Серік Сапарғали, "Рух пен тіл" ұйымының белсендісі Жанболат Мамай және театр режиссері Болат Атабаев.

164-бапқа қатысты қылмыстық кодексте үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2011 жылы тамыздың 8-інде "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен "Қаражанбасмұнай" компаниясы жұмысшыларының кәсіподағы заңгері Наталья Соколова 6 жылға сотталған еді.