Бас прокуратура: Оралда террористік топ ұсталды

Орал қаласында 4 ақпанда ҰҚК Батыс Қазақстан облыстық департаменті мен осы облыстың ішкі істер департаменті бірлесіп 6 адамды "террористік топ құрды" деген айыппен тұтқындады деп хабарлады бас прокуратура өзінің ресми веб-сайтында.

Хабарлама бойынша, топ мүшелері террористік ұйымға тиесілі екендіктерін мойындап, оларға қатысты қылмыстық кодекстің 233-2 бабы бойынша "террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу" туралы қылмыстық іс қозғалған.

"Топ мүшелерінің тұрғылықты жерлерін тінту нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш заттарға қажетті құрылғылар мен терроризмді насихаттайтын материалдар табылды" делінген хабарламада.

7 ақпанда сот топ мүшелерінің барлығын қамауға алуға санкция берген. Бас прокуратура қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтады.