Шетелдік басылым «төбелесқұмар» жас Путин туралы жазады

Ресей премьер-министрі Владимир Путин жас дзюдошыға тәсіл үйретіп тұр. Кемерово, 24 қаңтар 2012 жыл

Ақпанның 20-сы Newsweek басылымы Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің өмір жолы туралы мақала жариялады. Соғыстан соңғы жылдары ер жеткен Путин туралы аңыз әңгімелер жетіп артылады деп басталады мақала.

Ленинград қоршаудан босап, арада сегіз жыл өткен соң 1952 жылы туған жас Путиннің анасы Мария мен әкесі Владимир блокададан тірі қалған. Путиннің әкесі соғыстың алғашқы жылдарында майданға қатысып, ұрыста ауыр жараланған.

ТЕЛЕДИДАР, ДАЧА ЖӘНЕ ТЕЛЕФОН

Владимир Путин билікке барынша көзге түспейтін жолмен жетті деп жазады Newsweek («Ньюсуик») басылымы. Жастық шағы шетелде және құпия кеңселердің ішінде өткендіктін, ол өзіне қатысты кез-келген ақпаратты бақылауда ұстай алды. Сол себепті Путин өзінің бозбала кезіне қатысты аңыз-әңгімелерді өзі ойдан да шығаруы мүмкін.

Мақала авторы Путиндер отбасының қандай ескі үйде, тар пәтерде сығылысып тұрғаны, жұмыстарының мардымсыз болғаны туралы жаза келіп, ең қызығы сол кездің өзінде олардың отбасында теледидар, телефон және дача болған деп таң қалады. Соғыстан соңғы кедейшілік кезеңде бұл нағыз байлық боп саналатын.

БІЛІМДІ ЕМЕС, БІЛЕКТІ БОЛУҒА ҚҰЛШЫНЫС

Автордың жазуынша мектеп шағында Путин білімге сондай құмартпаған. Бірге өскен достарының сипаттауынша Путин ол төбелеске бейім болған. Автор мақаласында оның сыныптастары айтып берген жас Путиннің бұзақылармен болған екі түрлі «ерлігін» айғақ ретінде келтіреді.

«Бұзақы» Путин 10 жастан асқанда төбелес үйрететін үйірме іздеп, ақырында самбоға тоқтаған. Бала Путин сол кездің өзінде КГБ-ге төбелес тәсілін білетіндерді сұрыптап алатынын естіген болуы керек деп пайымдайды сарапшы.

ҒАРЫШКЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛМЕГЕН БАЛА

Басылым бүкіл СССР жастары «ғарышкер болғым келеді» деп армандап жүргенде 12 жасар Путиннің КГБ қызметкері болғысы келгеніне таңданыс білдіреді. Шамасы сол кезде елдің бәрі қызығып оқыған «Қалқан мен қылыш» романы мен соның желісімен түсірілген тыңшы туралы көркем фильм оның аңсарын басқа жаққа аударған сияқты. Бірақ Путиннің өзі: «мен тоғызыншы сынып оқып жүргенде оқыған кітаптар мен көрген кинолар маған қатты әсер етті» деп сұқбат берсе де, басылым оның осы сөзіне сеніңкіремейді.

ЖЕКЕ КӨЛІГІ БАР СТУДЕНТ

Мақала авторы Путиннің әкесінің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде НКВД-мен істес болғаны туралы да мәлімет келтіреді. Бірақ оның соғысқа дейін, не кейін НКВД қызметінде болғаны туралы анық айтылмайды. Бірақ сонда да ол құпия қауіпсіздік қызметінің штатында жалақы алып отырғанға ұқсайды.

Болашақ Ресей президенті де Ленинградта оқып жүргенде жеңіл көлікпен жүретін санаулы студенттің бірі болған. 1970 жылдары СССР-де автомобиль міну сирек кездесетін. Бұдан ары мақала авторы Путиннің оқуын бітірген соң қауіпсіздік саласы бойынша жасаған карьеарасы мен отбасылық өміріне шолу жасап, әрі түрлі мәліметтер келтірген. Путин қызметке кіріскенде КГБ негізінен совет режиміне қарсы шыққан диссиденттермен арпалысып жатқан. Путин бір сұқбатында: «Мен ондай адамдарды қудалауға қатысқан емеспін» десе де сол кездегі жүйемен әбден таныс екенін білдіріп алды деп жазады басылым.

Newsweek-тің жазуынша, 1984 жылы оны жұмыс бабымен Германияның Дрезден қаласына жібергенде бұл жұмыс Путинге онша ұнамаған. Дрезденде КГБ қызметкерінің қолы «дұшпандар» туралы мәліметтер жинап, социализмді «күзетуден» босамады. Өмір-бақи армандаған жұмысының ауырлығынан бөлек нәтижесіздігі оның ұнжырғасын түсірді. Тіпті біраз уақыт спортты тастап, сыра ішіп, отбасы қызығынан да суыған. Басылым Путиннің сол кездегі совет адамдарына тән Батыстың сапалы тауарларына деген пенделік құмарлығы туралы да бірнеше тосын мәлімет келтірген.

Дәл осы кезеңде Владимир Путиннің әйеліне қол жұмсауды жиілеткені туралы неміс басылымдары былтыр жаңа мәліметтер жариялаған еді. Ол материалдарда Дрезденде тұрған кезде Людмила Путинамен жақсы қарым-қатынаста болған ФРГ құпия қызметінде істеген тыңшы әйелдің сөздеріне сілтеме жасалады.

ДРЕЗДЕННЕН - ПЕТЕРБУРГҚА

Владимир Путин ГДР-де жүргенде 1985 жылы билікке Михаил Горбачев келіп, мемлекетте түбегейлі өзгеріс басталды. КГБ мен үкімет арасы әбден ажырап, оның соңы 1990 жылғы тамыз бүлігіне соқтырды. Елді алыстан бақылап отырған КГБ офицері өткеннің келмеске кеткенін білді. Берлин қабырғасы құлап, екі Германия қосылды. Жұмыссыз қалған Путин 20 жыл пайдаланған шетелдік кір жуатын мәшинесін тиеп алып, екі баласымен Ленинградтағы қара шаңыраққа қайтып келді деп жазады басылым.

Бір замандағы "тұмсық бұзғыш" Путин қауіпсіздік қызметі арқылы билікке келген соң 1999 жылы шешен содырларын тас-талқан қыламын деген уәдесімен атын шығарды. Содан бері ол дөрекі сөздерді де қосып сөйлейтін қарабайырлығымен көзге түсіп келеді. Бірақ, тұрпайы жаргондармен қадап, кесіп, тіктеп сөйлеу оған абырой әперген жоқ. Баяғы айтылатын төбелескіш Путин туралы мифтер қазір оның имижіне керісінше нұқсан келтіріп жатыр деп қорытады басылым.