Египет парламенті азаматтық белсенділер жайлы тергеу жүргізбек

"Заңсыз шетел қаржысын пайдаланды" деп айыпталып, қамалған египеттіктер. Каир, 26 ақпан 2012 жыл.

Египет парламенті шетелдік үкіметтік емес ұйым белсенділерінің елден шығып кетуіне кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін арнайы тергеу жүргізбек. Мұны бүгін екі палатаның бірлескен отырысында Египет парламентінің спикері Саад әл-Кататни мәлімдеді.

Желтоқсан айында Египеттің қауіпсіздік қызметі демократия және адам құқықтарын қорғайтын 10 ұйымның кеңсесіне тексеру жасаған. Кейін ол ұйымдардың 29 қызметкерін "әскери билікке қарсы шетел қаржысын пайдаланды" деп айыптап, қамаған. Оларға 5 жылға дейін сотталу қаупі төнген.

Қамалғандардың 14-і - Египет азаматтары, 15-і - шетелдіктер.

Бейсенбі күні осы шетелдік 15 адам - АҚШ, Сербия, Норвегия, Германия және Палестинаның құқық қорғаушылары мен белсенділері Египет соты елден шықпау туралы тыйымды жойған соң, кепілге қомақты ақша төлеп, бұл елден кетіп қалған еді.

Шетелдіктерді кепілге босатқан египеттік судьялар міндеттерінен бас тартты. Бүгін ол істі қарайтын жаңа комиисия құрылмақ.