Йеменде үкімет әскеріне шабуыл жасалды

Қарулы бүлікшілердің шабуылынан кейінгі көрініс. Аден, 21 ақпан 2012 жыл


Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Әл-Қаида ұйымына қатысы бар қарулы топ Йеменнің оңтүстігінде үкімет әскеріне шабуыл жасады. Абьян провинциясында болған қарулы қақтығыс кезінде кем дегенде 30 солдат, 14 қарулы бүлікші қаза тапты. Үкімет әскері бұл провинцияда былтырғы мамыр айынан бастап экстремистермен күресіп жатыр.

Провинцияның астанасы Зинджибардың сыртындағы бақылау постына келген жанкештілер жарылғыш зат тиелген екі көлікті жарып жіберді. Бұдан бір күн бұрын екі жанкешті ел астанасы Сананың оңтүстік-шығысындағы әскери базаға да осы сипатты шабуыл жасап, төрт солдатты жаралаған.

Өткен апта Йеменнің оңтүстігіндегі президент кешенінде тағы бір жанкешті өзін-өзі жарып жіберген еді. Әл-Қаидаға қатысты бар қарулы бүлікшілер елдегі саяси тұрақсыздықты пайдаланып, оңтүстік Йеменде бекініп алуға ұмтылып отыр.