Washington Post («Вашингтон пост») басылымы наурыздың 2-і Ресей бойынша сарапшы Эндрю Вайстың Владимир Путин туралы көп айтылатын саяси болжамдарға қатысты сараптамасын жариялады.
БІРІНШІ МИФ: ПУТИН – МӘҢГІЛІК
Автордың ойынша, сайлауда қанша жерден «басым түсіп» жеңіске жетсе де, бұл науқан Путинді өмірінің соңына дейін Ресейді билеп тұруға дайын адам ретінде күшейте алмайды. Ол бұрын билік басында президент те, премьер де болып тұрғанда Ресейді қазіргі заманның патшасындай басқарды. Губернаторларды сайлауды тоқтатып, тікелей тағайындады. Олигархтарды бағындырып, саяси оппозицияны маргиналдандырды. Сот билігі мен БАҚ-ты және Ресейдің заң шығарушы органы Думаны уысында ұстады.
Алайда Эндрю Вайстың ойынша, оның патшалық жүйесі соңғы жылдары жүрісінен жаңылды. Экономиканың өте баяу дамуы, қылмыс пен жемқорлықтың өсуі қала және бюрократиялық жүйенің күрделенуі мыңдаған ресейлікті ығыр қылып, оларды: «Сендерге тойып болдық!» деп айғайлап, аттандауға мәжбүрледі.
Мақала авторының ойынша, соңғы парламент сайлауында заңды белден басқан әрекеттер мен Путиннің президентікке қайта түспек ниеті белгілі болған күннен бастап Ресейдегі саяси ахуал күрт өзгерген. Ресейдің үлкен қалаларындағы Путинге қарсы шерулер оның да, «Единая Россия» партиясының да беделін бірден түсірді. Президент Медведев толқудың екпінін азайту үшін жағдайды жұмсартатын бірнеше саяси өзгеріс жасауға мәжбүр болды деп жазады басылым.
ЕКІНШІ МИФ: ПУТИННІҢ ҚАРУЫ - МҰНАЙ-ГАЗ САЯСАТЫ
Ресей мұнай мен газға өте бай және Еуропаға минералдық ресурстар экспорттайтын ел болғандықтан көп артықшылықтары бар дейді басылым. Саудаға қатысты 2006 жылы Украинамен арада жанжал болғанда Ресей газын жауып тастап, бүкіл Шығыс Еуропаны қыстың күні жылусыз қалдыра жаздаған. Сол кезде-ақ көптеген сарапшылар энергия көздері Путиннің ең соңғы қаруы деп баға берген.
Бірақ, автордың пайымдауынша, Путин бұл қаруын ұзақ қолдана алмайды. Оның кем дегенде екі себебі бар.
Біріншіден, Ресей бюджетінің тең жартысын мұнай мен газдан түскен салық толтырып тұр және экспорттың 85 пайызы да осы минералдық шикізаттан тұрады. Ресейдің сауда балансындағы теңсіздік, тым ұлғайып кеткен қаржы резерві мен құны қолдан өсірілген рубль бұл елдің жергілікті өндіріс орындарын импортпен бәсекелесуге қауқарсыз етіп отыр.
Екіншіден, Еуропа Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен арзанырақ газ тасымалдауға көше бастады. Ресей газының бұл нарықтағы үлесі 2001 жылы 48 пайыз болса, 2009 жылы-ақ 34 пайызға дейін азайған. Автордың ойынша, бұған Ресейдің эконмикасына әскери бюджеті түсріп отырған салмақ қосылғанда, Путин үшін Еуропаға газ-мұнай сату ендігәрі соншалықты ықпалды қару болмай қалады.
ҮШІНШІ МИФ: ПУТИН СССР-ді ҚАЙТА ҚҰРҒЫСЫ КЕЛЕДІ
Автор мақаласында 2005 жылы Путиннің СССР-дің құлауы туралы «Бұл өткен ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты болды» деген пікірін келтіреді. Ресейдің 2008 жылы Грузиямен соғысуы да көрші елдердің зәресін ұшырды. Ол аз болса, Ресей Қазақстан және Беларусьпен Кеден Одағын құрып үлгерді.
Бірақ, автордың жазуынша, Путин СССР-ді қайта құруға меңзегенде совет дәуірін аңсайтын алдыңғы буынды алдарқатқысы келеді. Алайда ол ресейліктердің кедей көрші елдерді сүйреп жүргенін де қаламайтынын анық сезеді. Осы екіұдай сезім туралы Путиннің өзі: «Кімде-кім СССР-ді сағынбаса, оның жүрегі жоқ. Ал кімде-кім СССР-ді қайта орнатқысы келсе, оның миы жоқ» деп айтқан сөзін алға тартады автор.
ТӨРТІНШІ МИФ: ПУТИННІҢ ЖЕҢІСІ - ДЕМОКРАТИЯҒА АУЫР СОҚҚЫ
Автордың пікірі бойынша Владимир Путиннің президенттік сайлаудағы жеңісі жаңадан қалыптасып келе жатқан демократиялық дәстүрді жанши алмайды. Керісінше, күшейте түседі. Өйткені Путиннің басқару жылдары барынша табысқа жеткен - дәл осы жаппай наразылық танытып жатқан адамдар. Бұлардың көбі - қалада тұратын, жеке бизнесі бар, интернетке жалғанған көзі ашық азаматтар. Сондықтан сайлау өтпей жатып-ақ наурыздың 4-інен кейін бірден қарсылық акцияларын ұйымдастырамыз деп жоспарлаған жұртты енді ешқандай да «таза жеңіс» тоқтата алмайды.
БЕСІНШІ МИФ: ПУТИННІҢ АМЕРИКАНЫ ЖЕК КӨРУІ
Сарапшының ойынша, Владимир Путин АҚШ-қа қатысты халық алдында жиі сын айтса да, көп жағдайда прагматикалық саясаткер ретінде қимылдайды. Мысалы, Путин 2001 жылғы қыркүйектің 11-інен соң АҚШ-ты қолдап шықты, 2009 және 2010 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қатысты шешіміне қосылды, 2010 жылы АҚШ-пен ядролық қару-жарақты қысқарту бойынша жаңа келісімге қол қойды және америкалық әскери әуе күштерінің Ресей территориясы арқылы Ауғанстанға қажетті құрал-жабдық тасымалдауына рұқсат етті.