Назарбаев трансшекаралық өзендер мәселесін шешуді тапсырды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке Қазақстан, Қытай және Ресей аумағы арқылы өтетін трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесін жеделдетіп шешуді тапсырды.

Қазақстанның өзен-сулар қорының 40 пайызы көршілес елдерден келетінін айтқан Назарбаев үкіметке он жылдан астам уақытқа созылып кеткен келіссөздерді аяғына жеткізуді міндеттеді. Тиісті органдарға ішкі су көздерін тиімді пайдалану, ауыз су сапасын жақсартуды да тапсырды.

Қазақстан, Қытай және Ресей Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынан басталатын Ертіс өзенін пайдалану мәселесінде ортақ келісімге келуге тырысып отыр. Қытай бұл аймақты қарқынды түрде игеріп, Ертіс өзенінің суын өзіне бұра бастады. Бұдан Қазақстан мен Ресейге келетін өзен суының көлемі азайып кетті.