Наурыздың 7-і күні Алматыда Қазақстан пікірсайыс орталығының ұйытқы болуымен жас белсенділердің арасында «Жастарға не керек?» атты пікірсайыс өтті.
Пікірсайыс кездесуіне «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар ұйымының, Қазақстан коммунистік халық партиясының және «Ақ Жол» демократиялық партиясының жас белсенділері қатысты. Сонымен қатар жастар ұйымдары мен белсенді жастар болды.
Пікірсайыс барысында 2004 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заңның жалпылама екендігі, өзінің функционалдық қызметін орындай алмай отырғандығы қызу талқыланды. Бұл заң жастардың мүддесін қорғауға дәрменсіз екендігі сөз етілді.
СТАТИСТИКАҒА СЕНЕТІН «ЖАС ОТАНДЫҚ»
Кіріспе сөзде алғашқы болып кезек алған «жас отандық» Арман Халбеков өз ұйымының «Жастар саясаты» жобасы бойынша әрқилы жоспарларды іске асырып жатқанын тілге тиек етті.
- Орта білім алудың тегін болуы, ЖОО-на түсуге толық мүмкіндіктердің болуы сияқты жастарға көмек көрсетіліп жатыр. «Жас Отан» жастар қанатында республика бойынша 190 мыңнан астам мүше бар... Статистикалық агенттіктің 2010 жылғы мәліметіне сүйенсек, біздің партия жастар арасындағы танымалдылығы жағынан 50-70% көрсеткішке ие болған. Бұдан шығатын қорытынды «Жас Отан» жастармен тікелей жұмыс жасайды деген сөз, - деді ол.
Арман Халбеков 2011 жылы республика бойынша Алаш қайраткерлерінің еңбегін таныстыру мен отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша да «қарқынды жұмыс» істеліп жатыр деді.
ЖАС КОММУНИСТІҢ ТӨРТ МӘСЕЛЕСІ
Қазақстан коммунистік халықтық партиясының жас белсендісі Елнұр Бейсенбай жастар саясаты бойынша заңның құқықтық-нормативтік жағынан әлсіз екендігін ауызға алып, жастарға қатысты төрт мәселені көлденең тартты:
- Бірінші - жастардың жұмыссыздығы. Екінші - білім алу мен оған баса назар аудару. Яғни бүгінде ЖОО-да студенттің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруы мүлдем қарастырылмаған. Үшінші – тұрғын үй. Жастардың үй алу мәселесі тек түсіне кіретін сияқты. Төртінші - жастар ұлттық сезім, ұлттық идеология дегеннің не екенін түсінбейді. Жастар бірігіп жұмыс істей алмай жатыр, - деп санамалап шықты ол.
«АҚ ЖОЛ» МЕН ҚҰРАН
Жастарды кепілді жұмыспен қамтамасыз етуді заң негізінде бекіту керектігін атап өткен жас коммунистің «жас отбасыларға қаржылық жағынан зор көмек көрсету керек» деген пікіріне «Ақ Жолдың» жас белсендісі Мақсат Жақау:
- Адами азаматтық сана қалыптаспайынша, үкіметтік емес ұйымдардың жобалары жүзеге аспайынша, біз кәдімгі қолына берген дүниенің барлығын ысырапшылдыққа айналдырамыз. Құдай тағала: «Мен сендерге мүмкіндігін көрсетемін, қалғандарың
Сонымен қатар ол «Жас Отан» бюрократ жастарды тәрбиелеп жатыр, оларға әкімшілік емес, интеллектуалдық төңкеріс керек деген пікір білдірді.
«БАРАХОЛКАДАҒЫЛАРМЕН КІМ АЙНАЛЫСАДЫ?»
«Косарев ұрпақтары», «Перуашевтың тұңғыш баласы» сынды аллегориялық бейнелеулер де сөз арасында арагідік айтылып жатты. Пікірсайыстың келесі бөлімі сұрақ-жауап түрінде өтті.
Модератор Ерболат Мұхамеджанның Арман Халбековке: «Сіздер көбінесе студенттермен жұмыс жасайтындарыңыз белгілі. Ал Барахолкадағы, қара жұмыс істеп жүрген жастармен кімдер жұмыс жасайды?» деген сұрағына мардымды жауап бермей, сайлау алды кезеңінде істеген жұмыстарды қалай жүзеге асырғандығы туралы кеңінен айтып берді.
«Сіздерге Жас Отаннан» қанша ақша бөлінеді?» деген сауалға Арман Халбеков:
- Бір тиын да алмай жұмыс жасаймыз. Мұндағылар отанға қызмет ету үшін жүрген адамдар, - деп келтесінен қайырды.
«Ақ Жол» партиясы – бизнесмендер партиясы. Сіздер жастардың экономикалық сауаттылығын арттыруда қандай шаралар атқарып жатырсыздар? «Ақ Жол» партиясында жастар бар ма? «Жастар саясаты» туралы заңға қандай өзгерістер енгізбексіздер?» деген модератор сұрағына Мақсат Жақау:
- «Жас Отан» партиясындағы сияқты саны көп, сапасы жоқ жастар жоқ бізде. Сапамен жүреміз. 200 мыңнан астам мүшелеріміз бар. Азат Перуашев кәсіпкер болса, басқасына сол атақты таңып беруге болмайды. «Ақ Жол» партиясы жаңадан кіргенен кейін, енді ғана өзгерістер енгізіп, жұмыстар жасап жатырмыз. Заң қабылданбағандықтан әлі талқылау үстінде. Біздің өзгерістеріміз жеткілікті. Оның бәрін қайталап айтайын ба?» деп жауап қайырды.
«СОЛ БАЯҒЫ ПОПУЛИЗМ»
Қорытынды бөлімінде сөз алған саясаттанушы, сарапшы Нұрмұхамед Байғара өз пікірін білдірді.
- «Жастар саясатына» түрлі тендерлер арқылы миллиондаған ақша бөлінеді. Ендеше неліктен әлі күнге дейін «жастар саясаты» айтылып келеді. Жас лидерлердің лагеріне 73 миллион теңге бөлінеді. Оның маған жұмысқа орналасуыма, баспана алуыма бір қатысы бар бар ма өзі?! Шынымды айтсам, мұның жастарға еш қатысы жоқ. Түсінгенімше жүйелі жұмыс істеу деген жоқ. Мемлекеттік «жастар саясатына» түбегейлі өзгерістер керек. Мына үш азаматқа қарап отырып, 2005 жылғы популизм әлі де сол популизм екендігін көріп отырмын. Бұл жерде халық алдында саяси баға алу үшін бір-біріміздің жеке басымызға тиісуіміздің еш қажеттілігі жоқ. Сондықтан Перуашев болмаса, Мусин үшін бұл кісілердің жауап беруі міндетті емес, - деді сарапшы.
Қатысушылар пікірсайысты қорытындылай келе жиын барысында талқыланған мәселелер бойынша парламентке депутаттық сауал жолдауды бір ауыздан қолдады.